ЖОБАЛЫҚ ШЕШІМДЕР «ГАГАРИНСКОЕ» КЕН ОРНЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

0

Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының филиалы – өнеркәсіптік экологияның ғылыми-өндірістік бірлестігі «Қазмеханобр» РМК мамандары Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Гагаринское» кен орнының полиметалл кендерін кешенді қайта өңдеудің тиімді технологиясын әзірледі. Алынған ғылыми нәтижелер жаңа тау-кен байыту комбинатын салу бойынша жобалық шешімдердің негізіне алынды.

Кен орнындағы зерттеулер 2017 жылы басталып, 2023 жылы мамандар технологияны жетілдіруге және құнды компоненттерді алу тиімділігін арттыруға баса назар аударып, жұмысты жалғастырды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сайтында хабарланды.

Алғашқы кезеңде минералогиялық, химиялық және фазалық зерттеулер жүргізілді. Алынған нәтижелер пайдалы компоненттердің қандай түрде кездесетінін анықтауға және оларды алудың ең тиімді әдістерін таңдауға мүмкіндік берді.

Негізгі нәтижелердің бірі – кенді қайта өңдеудің аралас гравитациялық-флотациялық технологиясын әзірлеу болды. Ол алдымен бос алтын мен күмісті бөліп алуды, кейін қорғасын мен мырышты селективті флотациялауды, сондай-ақ құрамында алтын мен күміс бар өнімді одан әрі гидрометаллургиялық өңдеуді қарастырады.

Әзірленген технология нәтижесінде құрамында бағалы компоненттері жоғары сапалы концентраттар алынады. Атап айтқанда, қорғасын концентратындағы қорғасын мөлшері – 45,29%, алтын – 67,70 г/т, күміс – 1539,90 г/т; мырыш концентратындағы мырыш – 50,03%, алтын – 15,70 г/т, күміс – 413,90 г/т. Гравитациялық концентрат құрамындағы алтын мөлшері – 78,90 г/т, күміс – 203,10 г/т, ал алтын-күміс құрамды өнімде алтын – 3,61 г/т, күміс – 57,80 г/т.

Мамандар бағалы металдарды барынша толық алу мәселесіне де ерекше назар аударды. Зерттеу нәтижелері бойынша қарқынды циандау кезінде бүкіл технологиялық схема бойынша алтынды алу көрсеткіші 86%, ал күмістікі 88% құрайды. Сорбциялық әдіс кезінде бұл көрсеткіштер тиісінше 87% және 89%-ға жетеді.

Зерттеу нәтижесінде өзара байланысты екі технологиялық схема – кенді аралас байыту және құрамында алтын-күміс бар өнімдерді гидрометаллургиялық өңдеу схемалары әзірленді. Олар құнды компоненттерді кешенді түрде алуға мүмкіндік береді және өнеркәсіпте енгізуге ұсынылды.

Зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолданудың келесі кезеңінде, 2025 жылы «Қазмеханобр» жылына 1 миллион тонна кен өңдейтін байыту фабрикасын жобалауға арналған технологиялық регламент әзірледі.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Қордай ауданында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылуы жүргізілген зерттеулердің практикалық маңызын, олардың Қазақстанның минералдық-шикізат базасын дамытуға және отандық ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік өндіріске енгізуге қосқан үлесін көрсетеді.

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс

министрлігінің сайтынан

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.