Қордай ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Қордай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен «Өз құқығыңды біл!» акциясы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара тұрғындардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Қоғамдық қабылдауға Қордай ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, аудандық бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға білікті құқықтық көмек көрсету, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру, азаматтардың өтініштерін қарау және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайту болды.
Қабылдау барысында тұрғындар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, өз құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызметтерді алу, сондай-ақ өзге де өзекті құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша құзырлы органдардың өкілдеріне жүгініп, қажетті түсіндірмелер мен кеңестер алды.
Кездесу барысында аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков азаматтардың әрбір өтініші прокуратура органдарының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
— Заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және заң талаптарын сақтау қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды шарттары болып табылады, – деді аудан прокуроры.