Ауылдың адамдары керемет қой, шіркін. Алдына келген адамды бауырындай көріп, дәм-тұзын аямайтын, дархан көңілді, дара болмысты тұрғындарымен тілдесуге өзіміз әрдайым асығып тұрамыз.
Сәрсенбінің сәтінде қойын дәптерімізді қазынаға толтырайық деп Қарасай ауылына бет алдық. Тірлігі келісті шалғай ауылдың әкімі бар жақсысын көрсетіп қалуға асықса, біз қаламымызбен жүйіткіп, бәрін жазып алуға тырысып бағудамыз. Әңгіме арасында осы ауылда өмір бойы сауда саласында жұмыс істеген еселі еңбек адамының тұратының біліп, онымен кездесуге асықтық.
Әнипа Доспанбетова – Қарасайдың саф ауасымен тыныстап, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен қыз. Бойжете келе туған ауылының азаматына тұрмысқа шығып, әлі күнге дейін кіндік қаны тамған жерінде қара шаңырақтың отын өшірмей келеді. Ауылдағы 10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін Алматыға жол тартып, техникумға бухгалтер мамандығына оқуға түседі. Оқуын тәмамдап, «Алмалы» совхозына жұмысқа тұрады. «1965 жылы рабкомға жұмысқа шақырып, автодүкенмен ой мен қырды аралап жүретінбіз. Кейіннен орталық дүкенге ауыстым. Мұнда азық-түлік дүкені мен өндірістік дүкендердің меңгерушісі болдым. Ол кезде план орындау деген болатын. Жәрмеңкелерге қатысып, слетке шығып, жоспарды артығымен орындап тастайтынбыз. Соның арқасында басшылықтың да мәртебесін көтеріп, суретіміз құрмет тақтасына ілінетін. Жалпы кеңес заманындағы сатушы әйелдер келушілермен қалай қарым-қатынас жасау керектігін жақсы білетін. Келген адамды күлімдеп қарсы алып, сыпайы қызмет көрсету – біздің міндетіміз болатын»,-дейді.
«Әнипа апа тынымсыз еңбектің адамы, оның бір мезет демалып, бос жүргенін көрмейтінбіз»,- дейді ауылдастары. Расында, 30 жыл дүкен меңгерушісі болып қызмет етіп, зейнетке шықса да қол қусырып отырған жоқ. Ауласындағы 7-8 сиырды сауып, сүтінен құрт-ірімшігін, майын шайқап дастарханын жайнатып қояды. Оның шайқаған майы мен құртына жететін нәрсе жоқ дейді ауылдастары. Осы еңбекқорлығының арқасында кеңес заманында мекеменің үздік қызметкерлеріне ғана берілетін «Кеңестік тұтыну кооперациясының үздігі», «Коммунистік еңбек екпіндісі», т.б. түрлі құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды иеленген.
Әнипа апа дүкенді өмірлік жары Тоқтасын атамен бірге ұстады. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген қос бәйтерек 6 перзенттің ата-анасы атанып, оларды тәрбиелеп, жетілдірді. Сол ұл-қыздарынан бүгінде 8 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Әке-шешеден өнегелі тәрбие көріп өскен балалардың әрқайсысы бүгінде бір шаңырақтың отағасы, отанасы болып отырған жайы бар. Тағдырдың жазуымен Әнипа апа жарынан, араға жылдар салып бір ұлынан айырылды. Зейнетке шыққаң соң ауылда жалғыз қалмасын деп балалары қалаға алып кетіпті. Бірақ, қалада тұруға еті үйренбей, әрі ауылдағы үйді иесіз қалдырмайын деп жанына немере қызын алып Қарасайға қайтып келген екен. Бірнеше жыл қараусыз қалған үйді тазалап, жөндеп, қара шаңырақтың отын қайта жақты.
Өткен өмірінен сыр шертіп, еткен еңбегін жіпке тізіп, бүгінгі күніне шүкіршілік етіп отырған апамыз жас ұрпаққа жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын жүріп, адал еңбектің иесі болуларын тіледі. Осындай ел-жұртының амандығын, заманының тыныштығын дұғасына қосып жүретін көнекөз қарияларымыз аман болсын.