Халқымыз ер-азаматты елдің тірегі санаса, ақ жаулықты ананы елдің құты деп білген. Шаңырақтың бақ-берекесіне ұйытқы болған әйелді ең үлкен құрметке лайық санаған. Бұл ретте, осындай аналарымыздың бірі, «Алтын алқа» иегері Үлкен Сұлутөрлік – ОҢАЛ НАШРАЛИЕВАНЫҢ шаңырағында болып сыр-сұқбат құрып қайттық.
Оңал Нашралиева 1943 жылы Көктөбе ауылында дүниеге келді. Ол – қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның тәрбиесімен өскен, соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалықтарын көтерген ұрпақтың өкілі. 1961 жылы Ақтерек ауылдық мектебін бітіргеннен кейін, ол Болат Нашралиевпен танысып, 1963 жылы онымен отбасын құрды.
Олардың өмір жолы шопандық кәсіппен байланысты болып, отыз жылдан астам «Красный октябрь» совхозында шопан болып жұмыс істеді. Бұл уақыт ішінде олар мал шаруашылығын дамыту, қой басын көбейту және ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін табанды еңбек етті.
«Ол кезде мал бағу абыройлы міндет саналды. Қой басын көбейту республикамызда мал шаруашылығын дамытуда алға қойылған ең басты міндет еді», – деп атап өтті Оңал апа.
Оңал апаның айтуынша, әр жылдары 100 саулықтан орта есеппен 120-130 қозы алатын болған. Бұл, әсіресе, төлді аман сақтау көрсеткіштері жөнінен де тұрақты алда болғандарына дәлел.
«Осы салада жүрген біздің еңбегіміз ерекше бағаланып, озат шопан атандық. Жолдасыма «Газ-59» автокөлігі сыйға берілді», — деп еске алды кейіпкеріміз.
Жолдасы Болат Нашралиев өзінің адал еңбегі үшін алға шығып, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Оның бұл қызметі шопандық кәсіптегі жетістіктері мен ауылдағы жұмысының нәтижесі еді. Онымен қоса, қоғамдағы беделінің артуы, негізінен, ауылда мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесімен байланысты. Ол малдың өнімділігін арттыру үшін белсенді жұмыс істеді. Сондай-ақ, әрдайым жастарды еңбек етуге, адалдыққа және кәсібилікке тәрбиелеудің үлгісін көрсетіп отырды.
Ал, Оңал апаға оралар болсақ, жеті перзенттің анасы, алты қызы және бір ұлы бар. 1991 жылы жолдасының дүниеден озуы, Оңал апа үшін ауыр соққы болды. Дегенмен, ол балаларын өсіруге, тәрбиелеуге белсене кірісті. Балаларына өзінің өмірінің мәнін, еңбекке деген құрметті және отбасы құндылықтарының маңызын сіңіре білді. Бүгінде ұл-қыздары өмірде өз жолдарын тауып, әр салада жемісті жұмыс істеуде. Оңал апа немере шөберелерін тәрбиелеп, оларға өнеге беріп келеді. Ол үшін өмірдің басты қуанышы да осылар.
Туған жерін түлетуге ат салысып, елі үшін елеулі еңбек еткен жандарды кейінгі толқын білуі керек. Жарқын істерін үлгі етуі қажет деп санаймыз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ