«ШАМШЫРАҒЫМЫЗ» СӨНБЕСІН

0

Қазан айында аудандық «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» саяси-қоғамдық газетіне 90 жыл толып отыр. 1932 жылы бастау алған басылым ауданның нағыз айнасы болып келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болыпты. Газет редакциясында осы аралықта жүздеген жандар еңбек етіп, қордайлықтарды өңіріміздің жаңалықтарымен қамтамасыз етіп отырды. Осы жылдар аралығында сан түрлі соқпақтан, кейде тоқпақтан өткен, аты да заты да өзгеріп, қайсыбір жылдардағы тоқырау заманды да бастан кешкен. Тіпті жабылып қалып, екі мыңыншы жылдардың басында қайта түлеген газеттің әлі де айтары көп, жазары жетерлік.

Бірде «Бригада», бірде «Екпінді» болып, ақыры өзінің «Шамшырақ» деген атына тоқталған басылымның 90 жылдығына орай түрлі мақалалар топтамасы мен естелік эсселерді назарларыңызға ұсынбақпыз. Ал, бұл мақалада еліміз жаңадан егемендігіне қол жеткізген алғашқы кезең, яғни 1992 жылғы газеттің мерейтойлық номеріне тоқталып өтуді жөн көрдік. 60 жылдығын атап өткен газеттің 86-87 номері мерейтойлық болып, оған газет беттері толық арналыпты. Бірінші бет әдеттегідей аудан басшылығының құттықтауымен басталған. Сол кездегі аудан әкімі Құрманбек Уәлиев пен халық депутаттары аудандық кеңесінің төрағасы Анатолий Шуптаның құттықтауыннан үзінді келтірсек.
«Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің 60 жылдығы – бұл аудан жұршылығының еңбегін, ерлігін, үміті мен сенімін біріктірген тағдыры, әрі оның тар жол тайғақ кешкен тарихи соқпағы да. Жарты ғасырдан астам қордайлықтардың саяси бағдары мен рухани қуаты болып келген газеттің сарғыш тартқан беттерінен СОКП айтқанына көндіріп, айдауымен жүрген қарапайым халық – Сіздер мен біздердің аталарымыз, әкелеріміз және қарттарымыздың қан мен терді қатар төккен ұлы бейнесі жатыр. Газет бізге сонысымен қымбат».
Арада тағы отыз жыл өтіпті. Осы аралықта «Қордай шамшырағы» Қордай ауданы халқының еңбегін, ерлігін айшықтап, үміті мен сеніміне селкеу түсірмей, өзінің тарихи соқпағын абыроймен жалғастырып келеді. Шын мәнінде, газет сонысымен қымбат.
«Шамшырақтың» сол санындағы бірінші бетке «Талапты» совхозының ұжымы мен Қасық ауылы тұрғындары атынан келіп түскен құттықтау да қоса берілген. Сонымен бірге, «Шабыт тілейміз» атты тақырыппен «Масаншы» атындағы шаруа қожалықтар одағы ұжымының құттықтауы да басылыпты. Аталмыш одақ «Шамшырақтың» 60 жылдық құрметіне еңбек және соғыс ардагерлеріне өз есептерінен 60 газет жаздырып берген екен. Сондай-ақ, 1959 жылы, «Октябрь туы» деп аталып тұрған тұста шыққан газеттен үзінділер келтірілген.
Бірінші беттен екінші бетке жалғасымен берілген «Мерейтой» атты көлемді мақалада аудандық басылымның алғашқы саны, жалпы шығу тарихы туралы танымды дүниелер жазылған. Мақала авторы «Қордай шамшырағында» қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен қарымды журналист, жалпы ауданға есімі етене таныс, өкінішке орай бүгінде өмірден өтіп кеткен Владимир Бочков. Аталмыш мақаланы газетіміздің алдағы сандарына толық көлемде жариялау жоспарымыз да бар. Өйткені, онда газет тарихы, оның басшылары мен қызметкерлері, әр жылдардағы газет басынан өткен қилы кездер туралы тамаша деректер келтірілген.
Газеттің аталмыш номерінде «Журналист мұраты – мемлекет мүддесі» атты тағы бір көлемді дүние басылған. Оның авторы былтыр ғана өмірден өткен жерлесіміз, классик жазушы, сол жылдары «Ақ жол» газетінің аудандағы меншікті тілшісі Несіпбек Дәутайұлы.
Мақала авторының: «Журналист – сөйлемді дұрыс құрап жазушы емес. Ол мемлекеттік деңгейдегі ойшыл, яғни мемлекет мүддесін пайымдай алатын, соған халықты иландыра білетін баспасөз қайраткері», -деп атауы жалпы баспасөз қызметкерлерінің биіктігін бір сөйлеммен белгілеп бергендей. Бұл мақалада айтылған ойлы сөздер мен сол жылдарға қатысты пайымдар әлі де өзектілігін жоғалтпай тұрғанын ерекше атап өту қажет. Сол себепті бұл мақала да газетіміздің 90 жылдық мерейтойы аясында жарияланатын болады.
Газеттің екінші бетінде сол жылдары ауданымызға жұмыс сапарымен келген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, қазақ ұлтының ардақты азаматы Дінмұхамед Қонавтың суреттері басылған. Ал, сол бетте берілген «Жаныңызға жақын газет» атты мақалада сол кездегі редакцияның қиын қаржылық ахуалы, қызметкерлердің шайлығына жетпейтін айлығы туралы жазылыпты. Дей тұрғанымен «Шамшырағын» сөндірмей, әр апта сайын әр үйге газеттің уақытылы жеткізіліп отырғаны айтылып, газетпен бірге болуға шақырады. Ал, журналист Сағыныш Медетбекова «Өзгерген адам ба заман ба» атты мақаласында жалпы газет шығару жұмысы, оның ішінде баспахана машақаты туралы, сол жұмысты абыроймен атқарып жүрген жандардың ерен еңбегі жайында сөз өрбіткен.
«Шамшырақтың» үшінші бетінде «Әріптестер туралы әңгіме» атты мақала жарияланып, онда басылымда жұмыс істеген жандар жайында айтылған және қосымша тамаша тарихи суреттер беріліп, соның жанына редакцияда әр жылдары жұмыс істеген әдеби қызметкерлер тізімі жазылған. Мақала авторы – Жапар Көпбаев. Сол беттен Михайловка, қазіргі Қарасай батыр ауылының ұстаздары қауымынан газет мерейтойына келіп түскен құттықтауды да оқуға болады. Ал, үшінші және төртінші айқарма бетке сол кездегі газеттің шығармашылық ұжымының суреті қойылып, бас редактордан бастап әр қызметкердің жұмысы, шығармашылығы, жалпы баспа ісі туралы ой-толғаулары бірге берілген. Сонымен қатар, сол жылдары газеттің басылып, көркем болып шығуына барын салатын баспахана қызметкерлерінің жұмыс барысынан суреттер басылған.
Газеттің соңғы беттерінде «Қоғамдық тілшілер тірегіміз» айдарымен көлемді мақалалар берілген. Әр ауылдан мақала жолдап, жалынды сәлем айтып тұратын ауылдық тілшілердің еңбегі жайында танымды дүниелер, олардың газет туралы ойлары мен тілектері әдемі өрілген. Ал, жетінші бетте бүгінгі таңдағы ардагер журналист Құрманбек Әлімжан «Ағалардың алақаны» атты мақаласында жас тілші ретінде алғаш редакция табалдырығын аттағанда тәлім мен тәрбие беріп, қызығы мен шыжығы мол журналистика саласына араласып кетуіне сеп болған жандар туралы тебірене жазады. Газеттің сол бетінде әріптестер арасындағы әдемі қалжыңдар туралы шағын әңгіме де езу тарттырмай қоймайды.
Таралымы 3155 дана, бағасы 20 тиын болған 1992 жылғы «Қордай шамшырағы» газетінің мерейтойлық шығарылымына шолу қысқаша осы. Байқасақ, қай кезде болмасын, аудандық газет редакциясы, оның қызметкерлері «маңдайынан майы шылқып» күн кешпеген. Бірақ, «Шамшырақтың» отын сөндірмей, оны әрі қарай лаулатқанға аянып қалмаған. Одан бері арада отыз жыл өтті. Ол кездегі шымыр жігіттер қазір ел ағасы, егде жастағылардың көбісі бүгін арамызда жоқ. Дүние осылай жалғасып, дөңгелей беретіні бір шындық.
Қазіргі ақпарат ағыны зымыраған заманда замана талабынан қалмай, талапшыл да талғампаз оқырманға ойлы дүние ұсыну бүгінгі редакция ұжымына артылған ауыр жүк. Бірақ, ол да ойдағыдай атқарылатынына сеніміміз мол. Ең бастысы «Шамшырағымыз» сөнбесін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.