МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫ ОЙДАҒЫДАЙ ӨТУДЕ

0

«Қой қоздап, қорада шу» болатын шаққа әлі ертелеу. Дей тұрғанымен мал қыстату науқанының қазір қызған шағы. «Кәрі құда қыс келіп» өз күшіне мінген уақыт. Қаһарына мініп борандатпаса да желтоқсан айында аязы мен ақ қарын аяған жоқ. Осы орайда мал қыстатып жатқан шаруалар жайы қалай? Соны білмек ниетте аудан әкімдігінің ауыл шарушалығы бөліміне хабарласқан едік. Жаздай жиналған қор, биылғы қыстан қысылмай шығуға жетеді, деген сенімде мамандар. Олай деуге де негіз бар.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметке сәйкес ауданда мал қыстау бойынша жедел штаб құрылған, төрағасы аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев. Штаб мүшелері екі топқа бөлініп, ауа райы күрт бұзылған жағдайда мал қыстақтарын аралап тұрады. Қажеттілікке байланысты малшыларға тиісінше көмек көрсету де осы штаб жұмысына жүктелген.
Жалпы аудан бойынша қыстау орындары мен малшылар үйлерінің саны 510, оның ішінде 14 мал қорасы шалғайдағы мал қыстату орындарында орналасқан. Мысалы «Аңырақай» — Отар ауылдық округінде, «Иірсу» — Кенен ауылдық округінде, «Ұзынсу» — Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде, «Қопа» — Сұлутөр ауылдық округінде, «Соғанды» — Бетқайнар ауылдық округінде, «Қызылсай» — Ауқатты ауылдық округінде және «Керу» — Қаракемер ауылдық округтерінде орналасқан. Бұлар елді мекендерден ең алыс орын тепкен қыстаулар. Ал, мал қыстайтын қораларға баратын жолдарын, қоралардың айналасын қалың қар түскенде мал иелерімен шаруа қожалық басшылары өздерінің қолда бар техникаларымен тазалайды. Мал қыстату барысында пайдаланатын техникадан 652 трактор тіркемелерімен және 198 автокөлік мал иелері мен шаруа қожалықтарында тіркелген. Барлық мал қоралары жаз-күз айларында шаруа қожалықтардың және мал иелерінің өз қаражаттарымен жөндеуден өткен, қыс айларына барлық қажеттімен қамтылған.
Биылғы жыл мал азығын дайындағу өте қолайлы болғаны белгілі. Соның арқасында шаруалар өзіне қажетті жем-шөбін жеткілікті көлемде дайындап үлгерген. Мәселен, аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 50 145 гектар алқап ораққа түскен, оның ішінде: көп жылдық шөп 22 600 га (3 орым), 17 800 га бір жылдық шөп, 9 225 га табиғи шабындық шөп және сүрлемдік жүгері 520 га. Сонымен қатар, 267,8 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме, 74,4 мың тонна сабан және сүрлемдік жүгері 17 мың тонна дайындалыпты.
Әр мал қыстату қораларында кемінде 190-260 тоннадан шөп, 20-25 тоннадан құнарлы жеммен қамтамасыз етілген. Құнарлы жем — 60000 тонна дайындалды, оның ішінде: бидайдан 11000 тн, арпадан 29000 тн және жүгеріден 20000 тонна. Қысқа түскен шартты бірлік мал басына есептегенде 17,5 центнер құнарлы азық дайындалған.
Аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері өздеріне тиесілі егістік жерлеріне арпа және көп жылдық шөптер еге отыра құнарлы азықпен қамту аса маңызды. «Кордай Корм» кооперативі осы жұмысты мықтап қолға алған. Аудандағы шаруа қожалықтардан жүгері, бидай, арпа, сатып алып, құрама жем қоспасын дайындап, аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға жылына 2000 — 2500 тн сатып келеді.
Қыс мезгілінде ветеринарлық аурулардың алдын алу бойынша дезинфекция және дезинсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралар лайықты орындалуда.
Аудандағы малшы үйлеріне, қашарларына, баздарына қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы жоспар бойынша дезинфекция және дезинсекция жұмыстары толықтай жасалған. Аудан бойынша жұмыстар Қордай аумақтық ветеринария инспекциясы тарапынан қатаң қадағалауға алынған.
Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.