Кез-келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі – діни ұранды бүркемелеп ұлттар және діндер арасына от қойып, шағыстыру. Оның арты үлкен қақтығыстарға әкеледі. Діни экстремизмнің негізгі мақсаты – өз дінінің басқа діни конфессияларға басым екенін мәжбүрлі түрде мойындату. Одан қала берді, халыққа өз діндеріне сай құқықтық нормаларды жасап, бөлек мемлекет құру. Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез-келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылық көрсету. Діни экстремизм әлемді өздерінің шектен шыққан көзқарасы мен діни фанаттық идеологиясына сәйкес қайта құруға тырысады. Діни экстремизм – терроризмнің ең соңғы сатысы. Біз өмір сүріп отырған әлемде діни экстремизм қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жеткен. Дәл қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықты бірігіп күшейту қажет. Әлемдегі әрбір мемлекет бұл кесапатқа қарсы күресті жеке өзі жүргізуі өте қиын. Осыған байланысты 2006 жылғы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Бұл құжатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішінін бір жақты айыптайды және осыған қарсы тығыз ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екендігін көрсетеді. Елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Осы заңның 10-бабы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады. Осы бап жоғарыда аталған БҰҰ-ның «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясына сәйкес еді. Демек, еліміз аталған стратегиядан бір жыл бұрын қабылданған заңы арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге әбден дайын.
Үлкен Сұлутөр ауылдық округі әкімінің аппараты