ДАМЫТУҒА МІНДЕТТІ ЖӘНЕ МҮДДЕЛІ

0

«Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің» деген дана халқымыз. Алайда, кіндік қаның тамған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің. Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді.

Еліміздің егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – осы мемлекеттік тіл. Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік орган тарапынан халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру міндет болып табылады. Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлердің тигізер көмегі мен ықпалы орасан. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне қарап, билікті бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзейді. Сондықтан мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.
Ана тіл — әрбір ұлттың негізгі қасиетті белгісі, ұлттың жан дүниесі. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, демек ұрпақ тағдыры. Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі, мемлекеттік тіл еліміздің барлық аумағында қолданыс үрдісінде кеңейді. Мысалы, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, заң шығару, іс қағазын жүргізу салаларында кең өрісін алып келеді.
Сот билігі – мемлекеттік биліктің бір тармағы болғандықтан мемлекеттік тілді дамытуға міндетті және мүдделі. Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар, егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті.
Сот ісін жүргізу тілі өте маңызды мәнге ие, өйткені сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы азаматтардың қай ұлтқа қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі. «Арыз қай тілде түссе, сол тілде іс жүргізіледі», — деп ұрандатқан сот жүйесінде мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру үшін айтарлықтай шаралар жүргізілуде, мысалы, мемлекеттік органдармен сотқа жолданатын құжаттар мемлекеттік тілде рәсімделіп келеді, ішкі хат алмасулар мен ұйымдастырушылық құжаттар, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары мемлекеттік тілде жүргізілуде, әрбір сот маманы, мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілді білуі талап етілуде, қадағалануда. Демек, қара қылды қақ жарған сот саласындағы тіл жағдайы бүгінгі күні көңіл көншітерлік.
Көптілділік көпті шатастырмас үшін де бірізділік бізге ауадай керек екенін уақыт көрсетті. Ендеше, тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай ана тіліміз – қазақ тілін жүйелі білсек бәрімізге де абырой. Ең бастысы, тіліміздің мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дами түсетіні анық. Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – айбарлы қазақ тілінің қаймағы бұзылмай мәртебесі асқақ болып, Мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып қала беруі өзіміздің қолымызда.

Г.АШЫҚБАЕВА, Қордай аудандық соты кеңсесінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.