Қордайда Төтенше жағдайлар қызметінің жаңа депосы бой көтеруде

0

Өткен сейсенбі күні Қордай ауданы әкімі Қордай ауылындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Бегзат Болатбеков алдымен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінде болды. Бөлім басшысы Қанат Иманқұлов қазіргі кезде бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баян етіп, проблемалық мәселелер турасында да айтып өтті. Оның ішінде апатты күйде тұрған бөлім ғимараты, техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, штат санының аздығы сөз болды.

Бегзат Сейсенқұлұлы барлық мәселемен мұқият танысып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, өз ұсыныстарын айтты. Осыдан кейін аудан басшысы аудан орталығы аумағында салынып жатқан төтенше жағдайлар бөлімінің жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. «Ремстрой-СС» ЖШС қолға алған құрылыс қарқыны жаман емес. Төтенше жағдайлар жұмысына қажетті барлық стандарттар сақталуда. Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының тапсырысымен басталған жұмыстар жайында мердігер компания өкілдері толыққанды мәлімет берді. Жалпы сметалық құны 433 422 млн теңге болатын жаңа депода 2 өрт сөндіргіш автокөлікке арналған орын және өзге да төтенше жағдайлар қызметіне қажетті бөлмелер болады. Депо кілтін құрылысшылар күз айларында тапсырамыз деп отыр. Бегзат Сейсенқұлұлы аталмыш нысанның жалпы ауданымыз үшін аса маңызды екенін айтып, сапа мен мерзімге мән беру керектігін айтты.

Келесі кезекте аудан әкімі  аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысымен танысты. Бөлім қызметкерлерімен сол жерде кездесу өткізіп, қазіргі таңдағы проблемалық мәселелерге мән берілді. Жыл сайын мерзімді әскер қатарына шақыру кезінде жастардың жалтаруы, соның алдын алу бойныша атқарылып жатқан жұмыстар, сонымен қатар қорғаныс істері бөлімін техникалық қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар турасында есеп беріліп, қазіргі кезде көкейтесті болып отырған мәселелер жайы да қаралды. Мұнда да аудан басшысы жауапты мамандарға бірқатар ұсыныстар айтып, кейбір мәселелерді өз назарына алатын болды.

Жандос ОМАРОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.