Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған делегация Нидерланд Корольдігінде өткен GreenTech Amsterdam 2023 көрмесінің жұмысына қатысты.
Жыл сайын өткізілетін көрменің мақсаты — жылыжай шаруашылығының ең озық технологиялары мен жаңалықтарын дүйім жұршылыққа ұсыну, саланың бизнес мүмкіндіктерін көрсету.
Биылғы көрмеге 300 компания, 12 мыңға жуық көрермен қатысуда.
Жалпы, бүгінгі таңда Нидерланд Корольдігі ауылшаруашылығын интенсивті түрде дамытып, жоғарғы өнімділік бойынша жылыжай кешендерін жолға қойған, сол арқылы айтарлықтай жетістікке жеткен әлемнің үздік мемлекеттерінің бірі.
Жамбылдық делегацияның жұмыс сапары аясында, Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен өткен жылыжай саласының үздік компанияларымен келіссөздер жүргізілді.
— Біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Нидерланд еліне жылыжай жүйесін қалай дамытып жатқандығы туралы мәселелермен танысуға келдік. Мұндағы бірнеше нысандарды аралап, жылыжай желісіндегі қолданылып жатқан жаңа технологиялармен таныстық. Жамбыл облысы климаттық жағынан алып қарағанда жылыжай желісін дамытуға өте қолайлы. Біз бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен осындай жылыжай желісін дамытуға арналған арнайы жер учаскесін белгіледік. Сол жерлерде өзіміздің алған тәжірибелерімізді пайдаланатын боламыз. Осы елден инвесторлар келіп, жұмыс жасайды деген сенімдемін,-деді Қанатбек Мәдібек.
Делегация Нидерландының жылыжай кешендерінің 80 пайызы шоғырланған Вестлэнд провинциясына барып, жылыжай шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік органдардың қызметімен танысты.
Жылыжай шаруашылығының ең соңғы инновациялық технологияларын шоғырландырған Koppert Cress, Certhon, Tomatoworld компанияларының жұмысындағы басты ерекшелік- жоғарғы өнімділік, өндірістің ғылыммен үйлесімділігі.
Аталған жылыжай кешендерінде 1 шаршы метрден 80 келіге дейн қызанақ алынуда.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі