Шөп ору науқаны қызған шақ

0

Биылғы жыл былтырға қарағанда қуаңшылығымен ерекшеленуде. Жауын-шашынның аздығы дала шөптерінің бой алмай, ерте қурап кетуіне әкелді. Бірақ, таудағы шөп ораққа жарайды. Соны шашау шығармай, уақытында орып, маялап жинауға аудан шаруалары қазір мықтап кіріскен. Шалғы, орағын қайрап, шалғынды шабуға кіріскен алқаптарда жұмыс қыза түскен. Ертеден бастап кешке дейін шөп шапқыш  сүйреген тракторлар,  оны пресстеп, дайын шөпті кезегімен тасымалдап жатқан жүк көліктерінде тыным жоқ.

Былтырғы қыс қаталдығымен есте қалды. Биылғы қыс қандай мінез көрсетеді, ол әзірге беймәлім. Сол себепті де шаруалар шөп қорын молынан жинап алуға мүдделі. Жалпы қыс айларында шөптен тарылмау үшін аудандағы шаруа қожалықтарына 341 400 тонна шөп, 15000 тоннадан астам пішендеме мен 17000 тоннадан астам силос дайындау қажет. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек қазіргі таңда алқаптардың 30 пайызы орылған. Маусым-шілде айларында жұмыс одан әрі жандана түспек. Ең бастысы техника сыр бермесе болғаны. Өйткені, алда жоңышқаның екінші орымы бар.

Биыл да қыстың қамын жаз ойлағандар қатарында Бетқайнардағы «Нұр – Ал» шаруа қожалығы,  Қайнардағы «Благовещенка» ЖШС көш бастап тұр. Кенендік шаруалар да олардан қалыспай, техникасын сайлап, тау шөбін ораққа салды.

Жақында егін ору науқаны да басталмақ. Бұл дегеніңіз шөп оруға жұмылдырылған техника енді егін алқаптарында екі бірдей жұмысты атқаратын болады. Өйткені, жаз айының әр күні мен әр сағатын бос өткізуге болмайды.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.