АУДАН ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды мұсылмандардың ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке дана халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Өйткені, қазақ халқы ықылым замандардан бері отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен. Ізгіліктің нұрын себу, мұқтажға көмектесу ежелден-ақ қанымызға сіңген абзал қасиеттер. Сондықтан, исі мұсылманның Құрбан айт мерекесі елімізде үлкен құрметке ие.
Тәуелсіздігіміз орнығып, өз алдымызға дербес мемлекет болғалы арнайы демалыс күні ретінде белгіленіп, ресми түрде тойлана бастаған қасиетті мейрам дін бірлігін нығайтуға, рухани жаңаруға, қайырымдылық пен қанағатшылдық, бауырмалдық пен татулық сияқты адамгершілік асыл қасиеттердің қоғамдық өмір салтына айналуына шапағатын тигізуде.
Қадірменді мұсылман бауырлар!
Ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашатын, береке мен бірлікті, мейірім мен меймандостықты арттыратын Құрбан айт мерекесі қарсаңында береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңыраққа игілік пен амандық тілеймін!
Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Жаратқан Иеміз баршамызға нұр-шапағатын жаудырып, бүкіл ел болып бастаған игі істеріміздің жемісін көруге жазсын! Дербестігіміз тұғырлы, егемен еліміздің болашағы баянды болғай!
Қордай аудандық мәслихаты төрағасы Нұрдин Садықовтың
Құрбан айт мерекесімен құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Барша мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті де ұлық мереке — Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын!
Құрбан айт — ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Жаратушының рақымына жақындай түседі.
Осынау айтулы күндерде әрбір адам игі істер жасауға, жақындарына қамқорлық көрсетуге, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.
Алланың разылығы, ел-жұрттың амандығы үшін құрбан шалынып, мейірім мен кешірімге үндейтін Құрбан айт мейрамы баршаңыздың отбасыларыңызға ырысы мен берекесін ала келсін!
Құрбан айт мейрамында тілеген тілектеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын.
Әрбір отбасына амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!
Құрбан айт құтты болсын!