СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫС ӨТТІ

0

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Атаулы күнге орай ауданымызда түрлі спорт шаралары өткізілуде. Мәселен, сәрсенбі күні Бетқайнар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ұйымдастыруымен кіші футбол алаңшасында ауыл тұрғындары арасында садақ атудан(жамбы ату) жарыс өтті. Ұлттық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау  мақсатындағы жарысқа 16 адам қатысып, мергендік машықтарын көрсетті. Жамбы ату – қазақтың ата тегінен бері келе жатқан, бүкіл жұрт болып қызықтайтын ұлттық ойыны. Бұл ойын халқымыздың ұлттық ерекшелігін айқындайды. Сонымен бұл күнгі сайыстың нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Н.Жиенбеков қанжығасына байласа, екінші орынға Р.Қасымбек жайғасты, ал үшінші орынды Қ.Сұлтанбек иеленді. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Конституция күніне орайластырылған спорттық додалар легі Әлжан ана ауылында жалғасын тапты. Ауылдағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде жастар арасында волейболдан жарыс өтті. Жарысқа барлығы үш команда қатысты.

Волейбол ойыны барысында әр ойыншының физикалық дамуы, командада әрекет етуі, ептілігі, шеберлігі сыналады.  Спорттық шараға қатысушылардың барлығы командамен ойнаудағы тәжірибелерінің молдығын байқатып, сайыс барысында шеберліктерін биік деңгейде екендігін көрсетті. Өйткені, дәлдеп соққан доптары нысанаға дөп тиіп жатты. Сонымен тартысты өткен жарыстың нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Ауқатты ауылы, екінші орынды Әлжан ана ауылы, үшінші орынды Жамбыл ауылының командасы иеленді. Бұдан бөлек, ойын барысында белсенділік танытқан қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, Пердебаева Гүлайым «Үздік байланыстырушы», Ақпар Айша «Үздік ойыншы», Әбдімахан Арай «Үздік шабуылшы» атанды. Жеңіске жеткен командалар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.