Ұстаздың берген тәрбиесі болашаққа жол сілтер шамшырақ секілді. Расында, мектеп қабырғасында алған білімің кейін өмірлік азық болары сөзсіз. Шәкірттеріне осыны түсіндіріп, бойларына бар асыл қасиеттерді ұялатып, нағыз ұстазға тән сабырлық пен парасаттылықтың үлгісін көрсете білген білікті мамандардың бірі – Идрис Меваевич.
Идрис Меваевич білім саласында 40 жылға жуық қызмет атқарған ардақты ұстаз. 1960 жылдың 5 тамызында дүниеге келген азамат Бішкек қаласында Қырғыз Мемлекеттік институтында білім алған.
Еңбек жолын 1984 жылы №16 М.Ю.Лермон-тов атындағы орта мектепте кәсіптік оқыту бойынша мұғалім болып бастаған. 1987-1988 жылдары №18 негізгі мектепте технология пәні мұғалімі болып жұмыс атқарды. 1989-1990 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалса, 1990-2004 жылдары №19 Бұлар батыр атындағы орта мектепте дене шынықтыру және технология пәні мұғалімі болып жұмыс атқарды. 2004-2006 жылдары №18 негізгі мектебінде тарих және сызу пәндерінің мұғалімі, одан кейін осы мектептің директоры болып тағайындалды. Ал 2006-2013 жылдар аралығында №19 Бұлар батыр атындағы орта мектебінің директоры қызметін атқарып, 2014 жылдан 2023 жылға дейін №18 Сортөбе орта мектебінің директоры болды. Сонымен қатар 2021-2022 жылдары Сортөбе ауылдық округінен аудандық мәслихат депутаты болып сайланды.
Білім жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін қасиетті жол. Бұл салада тынымсыз еңбек етіп, үнемі ізденістен жалықпайтын жандар ғана табысқа жетеді. Идрис Меваевич осындай жаңалыққа жаны құмар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді, еңбекқор азамат. Жемісті еңбегіне орай «Жастардың патриоттық тәрбиесіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ардагер» республикалық қоғамдық одағының «Құрметті ұстаз» медалімен, «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының медалімен марапатталып, мерейі үстем көрінді.
Идрис Меваевич шәкірттердің ғана емес, мектепте еңбек ететін ұстаздардың да ұстазы болды. Ол ұйымдастырушылық және педагогикалық шеберлікті ұштастырған білікті басшы бола білді. Қызметкерлерге қатаң талап қоюмен қатар, қамқорлығын да аямаған, қысылған жанға қайырымдылық жасауды басты адами парызы санайтын жомарт азамат.
Өмірлік жары Амина Двумазовна екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Жұбайы да білім саласында, №19 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.
Идрис Меваевич биыл құрметті еңбек демалысына шығып отыр. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған азаматқа енді бейнетінің зейнетін көріп, ағайын-туыстың құрметіне, немере мен шөберелердің шу-күлкісіне, ұл-қыздарыңыздың бақытты сәттеріне бөленген әдемі ғұмыр кешуін тілейміз!
№18 Сортөбе орта мектебінің ұжымы