Жамбыл облысында денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту аясында өткен аптада аймақтың медициналық мекемелеріне су жаңа 18 реанимобиль мен отандық өндірістерде жабдықталған жылжымалы медициналық диагностикалық 8 кешен берілген болатын. Сол кешеннің біреуі Қордай ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Өткен сенбіде аудан әкімі Рүстем Дәулет орталық ауруханаға арнайы барып, кешеннің жұмысымен танысып, дәрігерлерді құттықтап қайтты.
-Қазіргі таңда коронавирустың ықтимал екінші толқынына қызу дайындық жүруде. Ауданда қажетті дәрі-дәрмек қоры қалыптасып, төсек-орындар дайындалды, жабдықтар сатып алынуда. Ал, бұл жаңа технология дәрігерлердің науқастарға жетуін тездетіп, медициналық көмектің сапасын арттыратынына сенім мол, — деген Рүстем Рысбайұлы жылжымалы кешеннің ішін аралап, ондағы жабдықтар туралы АОА бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова түсіндіріп берді.
Шетелдік алып автобусқа лайықталып жасалған медициналық жылжымалы кешен жалпы қабылдау бөлмелері, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибелік дәрігер алаңдары, талдаулар қабылдау орны, дәріхана пункті, сараптамалық кластағы портативті УДЗ аппараты, қауіпсіз рентген және флюорографиямен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус-лифтісі тағы бар.
«Бұл кешеннің көмегімен шалғай орналасқан ауылдарға барып, толыққанды медициналық көмек көрсетуге жақсы жағдай туындап отыр. Осындай мүмкіндік жасап, аудан медицинасына бағалы сыйлық жасаған облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, — дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері З.Қадырбекова.