Өткен аптада Масаншы және Сортөбе ауылдарында «Жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нашақорлық пен ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында ата-аналармен жиналыс өтті.
Ауыл тұрғындарымен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, Қордай ауданының прокуроры Сабыр Серік, АПБ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімінің аға инспекторы Габиль Гусейнов, аудандық орталық ауруханасының өкілі Құралай Қасаболатова және Жамбыл облысының мәслихат депутаты Лугмар Буларов қатысты.
Жиында жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, нашақорлықпен күрес және ерте жүктіліктің алдын алу сынды өзекті мәселелер төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіді. Мәселен, Қордай ауданының прокуроры Сабыр Серік жастардың есірткіге құмарлығының пайда болу себептері, оның ағзаға зияны және қоғам дертімен күресудің жолдарына тоқталды. «Нашақор кезекті дозаға ақша табу үшін кез-келген әрекетке баруға дайын, тіпті адам өлтіруі де мүмкін. Зерттеулерге сәйкес, нашақорлардың жартысынан көбі қылмыскерлер. Наркологтар бұл ауруды емдеудің жаңа тиімді әдістерін іздеуде. Нашақорлықпен күресу – қиын және ұзақ процесс, оны жеңу үшін науқас және оның отбасы барлық күш-жігерін салуы керек»,-деген құқық қорғау орган өкілі ата-аналар балаларына үнемі көңіл бөліп, қандай ортамен араласатынын қадағалау тиіс екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде жол қозғалысы ережелерін сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар арасындағы кибербуллингтен қалай қорғау керектігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған проблемалардың қалай алдын алу керектігін талқылаған жиынға қатысушылар ата-аналар тарапынан түскен сауалдарға жауабын беріп, кеңестерін де жеткізді.