Шаруалар үшін тағы бір жауапты науқан аяқталып келеді. Ала жаздай шабындыққа шалғы салған бейнетқор жұрт төрт түлікті қыстан шығынсыз шығару үшін тынымсыз еңбек етті. Әлі де сай-сала, арық бойларындағы, өзен- көл жағалауындағы табиғи шөпті орып, жинап алуда. Төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін таңның атысы, күннің батысы бел жазбай еңбек етіп жатқан шаруалардың бұл тірлігі дұрыс-ақ.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы 1 қыркүйекте облыста мүйізді ірі қара саны 548 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 105, 2 пайызға артқан. Қой мен ешкі 4 миллион 23 мың бас, уақ мал былтырғыға қарағанда 107,1 пайызға, жылқы 190 мың бас, 109 пайызға, ал түйе 8,6 мың басты құрап, 101,9 пайызға көбейген. Тіпті, құста да өсім бар. 1 993,3 мың, 106,3 пайызға артқан. Жамбылдықтарды ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруалардың алдындағы мал санының көбейіп жатқаны қуантады.
Ал енді, осы малдың қыста өлім-жітімге ұшырамай, аман шығуы үшін мал азығын дайындау қалай? Барлық санаттағы шаруашылықтарға 513 мың тонна құнарлы жем және 2 047,6 мың тонна пішен, 85 мың тонна пішендеме, 81 мың тонна сүрлем, 442 мың тонна сабан қажет. Қыс мезгіліне мал азығын дайындау жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді. Биыл облыс бойынша 218,8 мың гектар алқапқа мал азығы орналастырылған. Оның 4,1 мың гектары сүрлемдік жүгері, 27,9 мың гектары біржылдық, 186,8 мың гектары көпжылдық шөп. Бұған қоса, 353 мың шабындық жерден шөп ору белгіленген.
Өткен аптаның соңына дейін 422 мың гектар жердің шөбі шабылған. Оның 185 гектары көпжылдық, 26 мың гектары біржылдық шөп және 211 мың гектар табиғи шөп орылған. 2 миллион 69 мың тонна пішен, 87,3 мың тонна пішендеме, 410,3 мың тонна сабан дайындалыпты. Бұдан басқа өткен жылдан қалған қолдағы мал азығы 250,7 мың тонна.
Облыстағы ең іргелі Қордай ауданының шаруашылық құрылымдары биыл 306000 тонна пішен, 19000 тонна пішендеме, 66000 тонна сабан және 23 000 тонна сүрлем дайындауы тиіс болса, мал азығының барлық түрі 100 пайыз орындалыпты. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл және Байзақ ауданының шаруалары да мал азығын дайындауда сүрлемнен басқасынан жоспарды орындаған. Шалғайдағы Мойынқұм ауданының шаруалары 156 000 тонна пішеннің орнына 171780 тонна пішен дайындап, жоспарды 110,1 пайызға артығымен орындап, облыс бойынша көш бастапты. Жалпы пішен дайындауда Таластан басқа аудандар жоспарды 100 пайыз орындаған. Мәселен, таластықтар 167000 тонна дайындау қажет болса, 162800 тонна дайындап, әзірге 97,5 пайызды құраған.
Мал азығын дайындау жұмыстары одан әрі жалғасып жатқанын ескерсек, әлі де алғашқы қар түскенше шөп жинауға мүмкіндік бар. Қыста ақ түтек боран соғып, мал қолға қарап қалатын күндер кездеседі. Сондай кезде мал азығы мол болса, қыстан қысылмай шығады. Сосын тағы бір мәселе – ауылдағы ағайында оншақты тұяғы, бірді-екілі ірі қарасы, жылқысы мен түйесінің де азығын қамдап алғандары жөн. Қысты күндері, ерте көктемде жем-шөптің бағасы болса да аспандап кетеді.
Амангелді ӘБІЛ