Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Отан қорғаушы сарбаздарымыз мейрамның мән-мағынасын түсініп, ұлттық рух пен патриоттық сезімді, мемлекеттік рәміздердің қадір қасиетін ұғынып, отансүйгіштік сананы дәріптеп жүрсе бүгінге дейінгі атқарылған істің зая кетпегені.
Ұлттық мереке қарсаңында 50-ге жуық колледж студенттері Қарасай батыр атындағы оқу орталығындағы “Ашық есік күні” жобасына қатысты. Бұл іс-шара әскердің тыныс-тіршілігін білуге, ел қорғап жүрген мамандардың қызметі қаншалықты күрделі, жауапты және қызықты екенін түсінуге мүмкіндік берді. Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған шаралар мұнымен шектелген жоқ. Бұл күні Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдерінде Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Ту көтеру жауынгерлік дайындық үздігі, реактивті артиллериялық дивизионы 12-ші реактивті артиллериялық батареясының маман барлаушысы, қатардағы гвардия жауынгері Сырым Тұрсынбекке берілді. Патриоттық шаралармен бірге спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Мәселен, мини-футболдан турнир өтіп, 12 команда өзара бақ сынасты.
Айтулы күнге орай гарнизонда салтанатты жиын да ұйымдастырылды. «Республика сөзі «ортақ іс» деген мағына береді. Елдегі жалғыз ұлттық мейрамның бұлай аталуы бекер емес. Әр облыстан келіп, бас қосқан жастарымыз жыл сайын әскер сабын толтыруда. Тәрбие отбасынан басталса, офицер мен сержанттар әлгінде айтқан ортақ істе бірлік пен ерік-жігер танытып, жауынгерлерді қазақ елінің кірпішін қалаған бабаларымыз сынды көшбасшы болуға машықтауда. Анттың әр сөзін жадында сақтаған сарбаздардың ендігі мақсаты — елдігімізді нық, әрі, берік ұстау. Ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған 25 қазан қазірде жаһандану кезеңінде бой көтерген Қазақстанның маңызы өшпес мейрамына айналып отыр. Ал, жас буынның санасына тарихымыздың елеулі сәттерін ұмыт қалдырмауды жеткізу халқымыздың басты міндеті екені һақ. «Республика күні құтты болсын, ағайын!», — деді құттықтау сөзінде Гвардейск гарнизонының бастығы, полковник Ержан Мейрманов. Шара барысында үздік әскери қызметкерлер марапатталып, жиын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллеяда концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі