«Жүз жылдыққа жүздеріңіз ашық болып жеткейсіздер!»

0

Ауданымыздың ақпарат хабаршысы «Қордай шамшырағы» газеті абыз жасқа толып отырғанда одан небәрі он жастай кіші болсаң да, тоқсандағы толағайлы өміріне кемінде 60-65 жылдан астам мезгіл атсалысып келіппін. Сонау балғын бала шағымызды қасиетті Әулиешоқы баурайында тайға мініп, асық  ойнап, ләңгі теуіп жүрген кезімізде осы газеттің  бірде-бір санын жібермей оқушы едік.

Ол кезде бүгінгідей сандаған ақпарат көздері, теледидар, телефон деген мүлде жоқ заман еді ғой.  Ауылдағы Молдахмет қарияның қарасы көрінгенде бәріміз ол кісіні асыға күтетін едік. Астындағы торы төбелін қамшылап қойып, әр үйге газетті таратар еді. Біз болсақ жалма-жан қолға тиген газеттердің ең соңғы беттерінен бастап оқуға асығатынбыз.

Сол кездегі Керудей аудан орталығынан шалғайдағы ауыл адамдарының өмірге құштарлығы, жаңалықтарға жандарының жақындығын бүгінгілермен еш салыстыруға болмас. Солардың қатарында бала болсақ та біз де бар едік.

Менің өз басымның кітапқа, газет-журналдарға жақын болуымның басты себепшілерінің бірі және бірегейі сол кездегі Зоя Космодемьянская атындағы орталау мектебінің мұғалімдері десем болады. Менің 5-6 сыныпта оқып жүрген кезімде сонау қияндағы Керу мектебіне Юсупов Мырзахмет деген орта бойлы сәл қасқа бастау татар азаматы орыс тілінен сабақ берді. Өзінің мінезі жұмсақ, қазақша да таза сөйлейтін азамат болатын. Бізге кеп бірден тіл табысып, үйіріп әкетті. Бірде ол кісі біздің сыныптың жетекшісі болғанын айтып, тәрбие сағаттан өткізіп, соңында ай сайын сыныптың қабырға газетін шығару керектігін ортаға салды. Ол кісінің таңдауы маған түсіп, өзінің көмектесетінін айтты. Сөйтіп біз газетті оқу жылының соңына дейін шығарып, газеттің не екенін біраз түсінгейдей болдық. Содан кейінгі негізгі бағыттаушым және ұстазым Республикаға танымал журналист Қырғызбай Дәуітов ағамыз болды. Ол кісіні де алыстағы ауылға тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім етіп жіберген екен. Қырғызбай ағаныз өте ашық-жарқын, мәдениетті, жаны жаңаға құштар, әділетсіздік пен бейберекетсіздікке жаны қас, кемшілікке білек сыбана қарсы шығатын жан еді. Оны мен Қырғызбай аға Керу мектебінде екі-үш жылдай мұғалім болып қызмет еткенде жақсы таныдым және сол кісіге еліктеп бойымды түзеп, жақсы қаситеттерін өзіме сіңіргендей сезімде өстім. Ол кісі біздің үймен көрші тұрды. Күндізгі қарбалас тірлік саябырсып, уақыт кешке жуығанда ол кісі мені үйіне шақырып алып, жазған мақалаларын таза етіп көшіртетін. Мен көшірген мақалалар аудандық, облыстық және республикалық газеттерге шығатын. Сол кезде сол мақалаларды кәдімгі өзім жазғандай мақтаныш сезімде жүруші едім. Сондай сезімдер мені газет-журналдарға жақын етіп жіберді. Бара-бара аздап-аздап хабарламалар жазуға машықтандым. Кейіннен орта мектепте оқып жүргенде және мектепті аяқтағаннан соң да біраз төселіп, аудандық газетке әр тақырыпта жазылған мақалалар көптеп шықты. Бүгіндері сол кездегі жазылған мақалаларымның қиындыларын кейде қарап шығып ауданның, ауылдың тірлігінің, еңбек адамдарының оның ішінде трактористер мен комбайншылар, шопандар мен сауыншылардың, диханшылар мен мамандардың тағы басқа сан қырлы еңбек майдангерлері туралы жазған очерктер мен суреттемелер, шаруашылықтардағы келеңсіздіктер туралы сын мақалалар көңіл толқытады. Сөйтіп облыстың «Еңбек туы», аудан газеттерінің соңында жазылатын «селолық тілшісі» деген бірауыз мадағына мәз болар едік. Кеңес кезеңінде қай газетте болмасын қандай да бір сыни мақала шықса оған республика, облыс, аудан басшылары тиісінше мән беріп, айтылған кемшілік бойынша шара қолданылып, оның нәтижесі газетке жазылатын. Міне, осындай істер мен қадағалаудан соң қоғамда әділдік, туралық және даму мен өрлеу жол алып, әр адамның жауапкершілігі арта түсетін. Жалындаған жас кезде осылайша журналист болуды аңсап, жазылған мақалалар ауыз толтырарлықтай болып жүрген кезде өмір толқыны басқа арнаға бұрып, қызметтің басқа саласына алып кетті. Бұйрық дегенге не дерсің. Красногор ауданы қайта жабылып, Қордайға қосылғанда бір кездегі кеудеде арман болған жұмыс «Қордай шамшырағынан» бұйырып, бұл газетте екі жылдай қызмет еттім. Содан соң аудан басшылары басқа да қабілеттерімді ескеріп, лайықты қызметтерге жіберді.  Бірақ мен қай салада қызмет етсем де санасында барға жан азығы болатын газет-журналдардың, оның ішінде ауданымыздың шамшырағынан қол үзген емеспін. Оны жай ғана оқып қоймай, жиі байланыста болып, өз пікірлерім мен толғаныстарымды ұдайы жазып келемін және бұл сүйікті басылыммен бұйырғанша бірге болмақпын.

Тоқсанға толған газетімізге айтарым да бар. Газет – халықтікі. Сондықтан халықпен байланысты күшейтіп, олардың тілегін, сезімін, мұңын, өтініші мен талабын өткір және ашық жазса нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін осындай жақсы әрекеттер іске асса газеттің тиражы да өсіп, оның оқырмандары да көбейе түсер. Келе жатқан жүз жылдыққа жүздеріңіз ашық болып жеткейсіздер.

Әбдібек СЕЙІЛХАН, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.