Мені журналистикаға жетелеген басылым

0

«Қордай шамшырағы» газетімен мен бала кезімнен таныспын. Дәл сол кезде алғаш аз-кем жазып үйрене бастадым. №289 Отар орта мектебінің жоғары сыныбында оқып жүргенімде аудандық газетке шағын мақаламды жібергенім бар. Ол басылып шыққандағы қуанышымды көрсеңіздер ғой! Онымен қоса, арадан біршама уақыт өткен соң редакциядағы журналист Прохоровскийдің атынан хат алдым, онда менің жазғаным жайлы сөздермен қатар, ауылдық тілші ретінде жазып тұру туралы ұсыныс жазылған еді.

«Қордай шамшырағы» жазу өнеріне жаңадан қадам басқан мен үшін әдістемелік құралға айналды. Газеттің әрбір жаңа санын  мұқият оқып шығатынмын. Жарияланымдардың мазмұнына зер салып оқитынмын. Әсіресе, штатық тілшілердің мақалаларына қарап тақырыпты жеткізуі, стилистикасына және журналистік өнердің басқа да амал-әдістерін үйрене бастадым. Олардың жазғанына қарап мен де осылай жаза аламын ба деп ойланатынмын.

Көп ұзамай, мектепті тәмамдап, болашақ мамандықты таңдайтын уақыт келіп жетті. Менің бақытыма орай, мектепті бітірген 1974 жылы  Красногор ауданы құрылды. Оның әкімшілік орталығы Отар ауылы болды. Шілде айының бір күнінде үйге бейтаныс ер адам келіп, жаңа құрылған аудандық газеттің редакторы мені шақырып жатқанын айтты.

Жаңа аудан құрылған соң аудандық газет ашылып жатыр екен, редакцияға журналистер керек болды. Ол уақытта газеттің қазақ бөлімі толықтай жинақталған, ал орыс бөліміне тілшілер жетпей жатты. Кейін анықталғандай, «Қордай шамшырағы» газетінің редакторы Анатолий Андреев әріптесі Орынбай Тасыбековке Отар ауылындағы жас тілші, яғни мені ұсыныпты. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби журналистика саласына «шамшырақ» жолдама сыйлады, сол үшін де алғысым шексіз.

Одан кейінгі жылдары мен «Қордай шамшырағы» газетіндегі әріптестеріммен байланысымды үзбей, көп нәрсені үйрендім. Қордайдың қаламы ұшқыр журналистерінің көпшілігімен жақсы қарым-қатынаста болдым. Солардың қатарында облыстық «Знамя труда» газетінің Қордай және Красногор аудандары бойынша меншікті тілшісі Александр Изюмов болды. Кейін сол кісі  мені КРСО Журналистер одағына мүшелікке ұсынған еді.

90 жыл ішінде «Қордай шамшырағы» маңызды және қызықты оқиғаларға толы ұзақ жолдан өтті. Олардың барлығы газет беттерінде көрініс тапқан. Бүгінде газеттің сарғайған тігінділерінен Владимир Бочков, Александр Жаров, Қырықбай Мақаметжанов және басқа да тілшілердің мақалаларын көруге болады. Олар ұдайы өзекті әрі маңызды тақырыптарды көтеріп, шенеуніктердің жұмысындағы олқылықтарды батыл жазып, азаматтардың сыни пікірлері мен тілектерін билікке жеткізіп отырған.

Бүгінде «Шамшырақ» 90 жасқа толды. Бірақ ол әлі де белсенді, өзінің шындық пен объективтілік принциптеріне әлі де адал.

«Қордай шамшырағы» таралымы жағынан да, рейтингісі жағынан да облыстағы газеттер арасында үздіктер деп танылған. Менің білуімше, редакция ұжымы облыс әкімдігі тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Бұл шығармашылық ұйымды шебер басқарып отырған газет редакторы Шолпан Сабанованың еңбегі деп білемін.

Бүгінде медиа-кеңістікте түбегейлі трансформациялар жүріп жатқанын білеміз. Ақпараттық қызметтерді тұтынушылар әдеттегі газеттерден гөрі интернет-ресурстарды көбірек көреді. Және бұл заңды құбылыс. Бірақ мұндай қызу бәсеке жағдайында да «Қордай шамшырағы» өз позициясынан бас тартпай келеді. Бұл мені қуантады.

Әріптестерімді тамаша мерейтойларымен құттықтай отырып, оларға шабыт, шығармашылық ізденіс және алға қойған мақсаттарына жетулерін тілеймін!

Көкен ОРШАБЕКОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.