Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз –
Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – еліміздегі барлық азаматтардың бiр-бiрiне деген сыйластығы мен ынтымағын дәріптейтін, ортақ тарихымызды құрметтейтін, өзара көмек пен қолдау көрсететін күнi. Әр адам жақсылығы үшін алғыс алып, өзіне көрсетілген көмек, демеу үшін алғысын білдіретін күн.
Жыл сайын мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барша отандастарымызға жасампаз еңбегі үшін өз алғысын білдіріп, «Біз біртұтас және еңбекқор ұлт болсақ, көздеген мақсаттарымызға жетеміз. Бәріміз бірге әділетті қоғам құрып, мемлекеттілігімізді орнықтыра түсеміз», деп зор сенім білдіріп келеді.
Отыздан астам түрлі этнос өкілдері шоғырланған біздің ауданымызда бұл мерекені ерекше сән-салтанатпен атап өту дәстүрге айналған.
95 жылдық тарихы бар, татулығы тұрақты қордайлықтардың бірлескен еңбегінің арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Оған өздеріңіз куәсіздер! Жыл сайын әр ауылда жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жұмыстар қолға алынуда.
Құрметті жерлестер!
Бүгінгі күні егемен еліміздің бірлігі мен берекесін нығайтып отырған игілікті істеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!
Бірлігіміз бекем, ұлтаралық татулығымыз берік болсын!