АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТТАР

0

Биылғы қыс жалпы аймағымыздағы төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызған, шұғыл шаралар қолға алдырған кезең болды. Тіпті, ауданымызда ауа райына байланысты жергілікті мәндегі төтенше жағдай жарияланып, азаматтар жұдырықтай жұмылды.

Аудан аумағынан өтетін жолдар қарлы боран мен сары шұнақ аяздан жабылып, мыңдаған жолаушы жолда қалды. Осы кезде ауданның төтенше жағдай қызметі іске кірісті. Оларға аудандық әкімдік, құқық қорғау органдары қызметтері көмекке келіп, құтқару жұмыстарына кірісіп кетті. Ресми мәліметтер бойынша 15 желтоқсан күні қар құрсауында қалған жолдан 2413 адам құтқарылса, 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. Ал, жалпы екі күн ішінде 5000 адам құтқарылған.

Төтенше жағдайларға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап,  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының республикалық маңызы бар «Тараз-Алматы» бағытындағы жолдарда кезең-кезеңімен көлік қозғалысы тоқтатылған болатын.

Қар құрсауынан шығару жұмыстарына, жалпы 117 арнайы техника, 169 адам тартылды. Оның ішінде ТЖД, полиция, әскери, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері болды.

Жақында ауа райының күрт нашарлауына байланысты (боран, көру мүмкіндігінің шектелуі, температураның төмендеуі) республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының Қордай ауданындағы 214 шақырымынан бастап Алматы облысындағы 143 шақырымына дейін автокөліктің барлық түріне көлік қозғалысы жабылды.

Аудан әкімдігі тарапынан жолда қалған жолаушыларға көмек көрсету мақсатында Кенен ауылындағы №42, Алға ауылындағы №34 мектептері және Сарыбұлақ ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені әзірленді.

Осы жұмыстардың барлығының жанында ауданның азаматтары жүрді. Жолда қалып, «қарға адым жер аттап жүру» мүмкін емес боранда аман алып шыққан жандарға сол жолаушылардың барлығының айтпағы – алғыс. Кейбір азаматтар бүтін отбасымен жолаушылап, қарлы боранға тап болды. Олардың барлығына жылыту пунктері ұсынылып, ыстық тамақпен, тіпті киіммен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. Осының барлығы ауданның жанашырлары, осы аймақтың азаматтарының қолымен іске асты. Сол кезде редакциямызға Қордай ауылының тұрғыны Қ.Байбулат хабарласып, анасы Гүлбану мен туыстарының құтқарылғаны жайлы оқиғаны баяндап берді. Жағдай күндізгі сағат 15.00 шамасында болған. Отбасылық шарадан қайтып келе жатқан үш көліктегі туысқандар боран басталғанға дейін жетіп үлгереміз деп ойлаған еді. Алайда, қарлы боран олардың жолына бөгет болды. Сол күні, Гүлбану Байбулатованың айтуынша, Алға және Қордай ауылдарының аралығында жүзден астам жолаушылары бар көліктер тұрып қалған.  Ауданның азаматтары оның отбасы мүшелерін, қиын жағдайда қалғандарды құтқарып, үйіне аман-есен оралуына себепші болғандардың бәріне деген алғыс сезімдерін жасырмады. Айтпақшы, сол бір табиғаттың тосын мінез танытқан уақытында жолға шыққан туыстарына алаңдаған жандар редакция телефонына тыным берген жоқ. Олардың жақындарын іздестіру, құтқарушылар арақылы байланысқа шығуда аудандық газет қызметкерлері де көп көмегін тигізіп, алғыс арқалады. Осының барлығы бірліктің арқасы деп білеміз.

Алда келе жатқан Алғыс айту күні құтты болсын. Азаматтар тек алғыс арқаласын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.