«ШӘКӘРІМ ОҚУЛАРЫ»

0

Қордай аудандық орталық кітапханасына қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған «Шәкәрім оқулары» атты аудандық байқау өтті.

Қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиеттерді, адами құндылықтарды насихаттау, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 5 — 8 сынып аралығындағы 15 үміткер қатысты.

Қатысушы оқушылар үш кезең бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезең – «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын», сайыскердің өзін-өзі таныстыруы, екінші кезең – Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаянымен таныстыру, үшінші кезең – «Шәкәрім оқулары» ақынның   өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу. Ал олардың өнеріне баға берген әділқазылар алқасының құрамында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры   Әйгерім Қылышбекова, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін уақытша атқарушы Алтынай Әшімхан, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Әбішева болды.  Әділ-қазылар оқушыларды өлеңді таңдау және оқу шеберлігі, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтауы, сахнада өнер көрсету мәдениеті мен ұлттық киім үлгісі критерийлері бойынша бағалады.

Сонымен, байқаудың нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін жатқа оқыған Әйтелбай Дінмұхамед иеленді. Ал Степной ауылы М.Әуезов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Сахи Балдәурен ІІ дәрежелі дипломмен, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының 7-сынып оқушысы Айдана Бижанова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.