Бұрын «Көрісу күні» тек батыс аймақтарда ғана тойланса, қазір барлық өңірде атап өтіле бастады. Бұл салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиемізді қалыптастырудың негізі.
Гвардейск гарнизонында орналасқан Қарасай батыр атындағы кіші мамандарды даярлау орталығының жауынгерлері «Көрісу күнін» жыл сайын атап өтіп, бауырсақ әзірлеп, әріптестерімен, алыс-жақын туыстарымен бас қосады. Биыл да дәстүр жалғасын тауып, әскерилер айтулы күнді тойлады.
Мерекелік шарада сөз алған әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бахытжан Сералиев: «Бұл күні 30212 әскери бөлімінің қызметшілері, жалпы халқымыз бауырсақ, тәттілерді жақындарына тарту етеді. Көрісіп болған әр адамға тамақ үйлестіріліп, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтады. 14 наурыз күні басталатын «Көрісу мейрамы» жыл бойы жалғасын табады. Ауылда болмай, ауылға енді келген адамды көрген кезде, амандық-саулық сұрайды. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен 22 наурыз мерекесін қарсы алады. Құрметті Гвардейск гарнизонының тұрғындары, әріптес ағайындар сіздерді Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деп жиналған қауымды құттықтады.
Шырайлы мерекеде ізгі лебізін оқу орталығының 2-ші танк ротасының жауынгері Нұрдәулет Нәкісбек де білдірді. Оқу орталығының ұжымы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздың анасымен көрісіп, гүл шоқтарын ұсынды. Нұрдаулеттің көздеген мақсатының бірі келісімшарт бойынша қызметте қалу екен.
«Мен бүгін анамды көрдім және оған өте қуаныштымын. Анаммен жасалған мүмкіндік үшін оқу орталығының басшылығына алғыс айтқым келеді. Борышқа адалдықтың, ерен еңбектеріңіздің арқасында азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Жаңа жыл мерекесінде жауынгерлік күзет шебінде тұрған әскери қызметшілерге ерекше алғыс білдіремін»,-дейді 2-ші танк ротасының жауынгері Нұрдәулет Нәкісбек.
Айта кетейік, бүгін және одан кейінгі мерекелер тек Гвардейск гарнизонының әскери жасақтарында ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қарулы Күштерде аталып өтілетін болады.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі