Гвардейск гарнизонының спорт кешені базасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысының ауыспалы кубогына «Қазақ күресі» бойынша чемпионат өтті.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға 7 салмақ дәрежесінде бақ сынаған өңірлік қолбасшылықтың 13 әскери бөлімінен 80-нен астам спортшы қатысты.
Чемпионатты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің дене шынықтыру даярлығы бөлімінің бастығы, майор Темір Жақиев қорытындылады:
– «Қазақ күресі» – халқымыздың ең көне спорт түрлерінің бірі. Қазір елімізде бұл өнер өте танымал. «Қазақ күресі» бойынша жарыстар мерекелер мен мейрамдарда өткізіледі. Бұл турнир Құрлық әскерлерінің чемпионатына іріктеу болып табылады. Біз оны Наурыз мейрамының құрметіне орайластырдық. Барлық спортшыларға алғыс айтқым келеді. Жарысқа қатысушылар тамаша күрес техникасын және жоғары дайындық деңгейін көрсетті, — деді бөлім бастығы.
Чемпионаттың жалпы командалық есебінде подполковник Жаныбек Құранбековтың басшылығымен Тараз гарнизонының №85395 әскери бөлімінің құрамасы ең мықты деп танылды. Команда 35,5 ұпай жинап, «Оңтүстік» АӨК әскерлері қолбасшысының ауыспалы кубогын лайықты жеңіп алды. Екінші орынға – Луговой гарнизонының №03811 әскери бөлімінің құрамасы, үшінші орынға – Сарыөзек гарнизонының №12740 әскери бөлімінің құрамасы ие болды. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі