МЫҚТЫ ТЕХНИКА, ӨНІМДІ ТЫҢАЙТҚЫШ

0

Техникасы сай, тыңайтқышы мықты шаруалардың бүгінгі таңда алар асуы биік. Ал, сол техниканы алу, сапалы тыңайтқышты жөнімен қолдану үшін мамандар кеңесіне де құлақ асқан абзал. Ал, егер сол мамандар өздері келіп, ұсыныстар жасап жатса, тіпті, құба-құп.

10 сәуірде Қордай аудандық Мәдениет үйінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысына орай арнайы семинар өткен болатын. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық басшылары қатысқан жиында жаңа техника, тыңайтқыштар, инвестициялау бойынша да арнайы мамандар келіп, семинар өткізіп, өз тауарларын көпшілікке ұсынды. Алдымен ҮТО ауыл шарушалығы тракторларын нарыққа ұсынып жүрген «Агротехменеджмент» ЖШС өкілі Ернұр Нұржігітов сөз алып, бүгінде несиемен қолжетімді болып отырған техникалары туралы түсініктеме беріп өтті. Ресми өкілдің айтуынша техниканы несиеге алуға болады. Қазақстанда құралған тракторлар үшін мемлекет тарапынан субсидиялау да қарастырылған екен. Ернұр Нұржігітов «Агротехменеджмент» ЖШС Қазақстан Республикасындағы YTO техникаларының ресми дистрибьюторы екенін жеткізіп, компания қуат диапазоны 40-тан 220 а.к. дейінгі ауыл шаруашылығына және коммуналдық шаруашылыққа арналған тракторларды жеткізумен айналысатынын, тіпті қосалқы техникалар, оларға кепілдік аясында көрсетілетін қызметтер, қосалқы жабдықтарды қалай алу қажет, тракторды сатып аларда қандай құжаттар қажет болады, банктер тарапынан нендей шарттар түзілетіні туралы толыққанды мәлімет беріп, аудан шаруалары тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап берді. Осы күні Қордайлық шаруаларға өздерінің үш техникасын алып келіп, сол жерде көруге де мүмкіндік жасалды. Мәселен, шаруалар көп қызығатын YTO-X1304 тракторының қозғалтқыш түрі 6 цилиндрлі болып келеді екен. 120 аттың күшін береді. Номиналды айналу жылдамдығы 2300, қозғалтқыш көлемі 7 700 см3, беріліс саны  алдыңғысы 24, 8 артқы қозғалтқышы бар, қуат алу бірлігі екі жылдамдықты 540 және 1000 болып келетін, ал максималды тарту күші  33 кН болады екен. Сондай-ақ, тракторда кабинасында 360 градус шолу мүмкіндігі, кондиционер, тіпті артқы көрініс камерамен де қамтамасыз етілген. Техникаға қызығушылық танытқандарға қозғалтқыш көлемі мен өзге де артықшылығына байланысты әр марканың бағасы мен мүмкіншіліктері туралы толыққанды жеткізілді.

Осыдан кейін ауыл шаруашылығында табысқа жету жолында қалай дұрыс инвестициялау керектігі туралы «AGRARIAN BUSINESS AND SCIENCE» ЖШС өкілі Әділжан Нұғманов баяндама жасады. Арнайы слайд арқылы сүйемелденген баяндама барысында  құмай өсіру және қолдану бойынша түсініктеме берілді.

Баяндамашы күрделі агроклиматтық жағдайында да егістік дақылдарының өнімін арттыруға мүмкіндік беретін тәсілдер әлсіз топырақтағы және ылғалдың аз мөлшеріндегі үлкен мүмкіндіктерін, сондай-ақ оның тамақ өнеркәсібі мен жемшөп өндірісінде қолданылуы туралы айта келе,  Қазақстандағы құрғақ климат пен жауын-шашын тапшылығы фермерлер үшін мал азығын дайындауда проблемаға айналып отырғанын жеткізіп, бұл мәселенің шешімі дәстүрлі дақылдардың құрғақшылыққа төзімді сорттары мен будандарын ғана емес, сонымен қатар жаңа дақылдарды енгізу басты назарда болу керектігі туралы пікір білдірді.

Келесі кезекте өздері өндіретін минералды тыңайтқыштар туралы «BAYDALA» ЖШС өкілі Асхар Комаев сөз сөйледі.

-Біздің серіктестік Қазақстандағы барлық топырақ түрлерінде ауылшаруашылық өнімдерін өсіру бойынша практикалық білім базасы бар және шағын фермалардан ірі шаруашылықтарға дейінгі әртүрлі көлемдегі алқапқа минералды қоректену жүйесін әзірлеуді ұсынуға дайын. Барлық сегменттердің үйлестірілген жұмысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дұрыс шешімдер қабылдау және пайдаланылатын егіншілік жүйелерінің тиімділігін арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, — деген ол қазіргі таңда нарықта сұранысқа ие болып отырған тыңайтқыштар туралы айтып өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Төленұлы барлық қатысушылар мен қонақтарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.