Қанша уақыт, қанша ғасыр өтсе де қарапайым халықтың басынан өткен атаулы оқиғалар тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қала бермек. Соның бірі, қазақ елі баз кешіп, соғыс өрті шарпыған отты жылдар еді. Сұм соғыстың зардабы халықтың басына түскен ауыр сын болды. Отанын фашист басқыншыларынан азат ету жолында қару көтерген ер азаматтардың барлығы майданға аттанса, ауылдағы бар шаруашылыққа қариялар, әйелдер мен жас балалар ие болып қала берді.
Биыл Жеңіс туының желбірегеніне 79 жыл болды. Өкінішке орай, ауданымызда көзі тірі ардагерлер қалмады. Десе де осы күнге жеткізген батырлардың есімі ел есінде. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алу, рухына тағзым ету мақсатында Қордай ауылының орталық алаңында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков бастаған басшылық өкілдері, тыл ардагерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары, ауған соғысының ардагерлері және өзге де тұрғындар қатысты.
Отан үшін отқа түсіп, қан майданда толарсақтан саз кешкен, жеңіске жету жолында жан беріп, жан алысқан баһадүрлердің ерлігіне тағзым жасалып, оларды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Соғыс ардагерлерінің құрметіне соғылған ескерткіш пен мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.