Білім жолында инемен құдық қазғандай жанкешті тірлік жасайтын ұлағатты ұстаздар жайлы қанша жазсақ та көптік етпейді. Өйткені, адамның адам болып қалыптасуына ата-анамен қатар, ұстаздың да қосар үлесі зор.
Қордай ауданында өзінің кәсібилігімен қатар, жайдары мінезімен, адамгершілігімен және шығармашылық қабілетімен өскелең ұрпаққа өнеге боларлық мұғалімдер баршылық. Солардың бірі – Сәуле Накисбекова.
Сәуле Шәмшіғалиқызы 1964 жылы 27 қаңтарда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Камқалы совхозында дүниеге келген. 1981 жылы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Жезқазған қаласындағы Байқоңыров атындағы Педагогикалық институттың физика-математика факультетінде білім алған. Еңбек жолын Ноғайбай ауылындағы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебінен бастап, осында 30 жылдан астам табан ауыстырмай еңбек етіп келеді. Ол білікті педагог қана емес, оқу процесінде балалармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын, оқушыларды өзіне баурай білетін, сабақ берудің заманауи әдіс-тәсілдерімен шәкірттеріне үлгі болып жүрген жан.
Ұлағатты ұстаз «математика-информатика» мамандығы бойынша білім алғанымен, бала кезінен поэзияға құштар, өлең жазып, жыр шумақтарын оқуға құмартып өскен. Бүгінде Сәуле Шәмшіғалиқызы бірнеше жыр жинақтарының, кітаптардың авторы. «Ең алғашқы «Анама» деген өлеңім Сарысу ауданының «Октябрь таңы» газетіне 7 -сынып оқып жүргенде басылып шықты. Содан жаза бастадым. Кейіннен «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» «Балдырған» журналдарына шығып тұрды. Шығарған өлеңдерімді дәптерге жазып қоя беруші едім. Қарасам 4-5 дәптер толып қалыпты. Содан 2021 жылы бірінші кітабымды «Өмірдің өзі Махаббат» деген атпен шығардым. Араға 5-6 ай салып «Саған» атты екінші кітабым басылып шықты.Үшінші кітабым «Албандар» деп аталатын тарихи дастан. Бұл кітапты екі жылға жуық уақыт жаздым. 2022 жылдың қазан айында жарық көрді. «Албандар» дастаны жақсы сұранысқа ие болды. 2023 жылдың 27 қаңтарда халықаралық сатылымға тіркеуге алынды»,-дейді ұстаз.
Сәуле Накисбекова 2022 жылы Халықаралық Жазушылар Одағына мүше болып кірді. Қажырлы еңбегінің арқасындағы жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтатын болсақ, III Республикалық білім мен өнер байқауында «Ақындық өнер» номинациясы бойынша «Бас жүлде» иеленген, III Республикалық білім өнер байқауынан әр жылдары «Үздік педагог», «Шығармашыл педагог» номинациясын жеңіп алған. «Эрудит» интеллектуалды Республикалық олимпиадаға оқушыларды қатыстырғаны үшін Алғыс хатпен, II Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасы бойынша I дәрежелі дипломмен марапатталды. I Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының жүлдегері, III дәрежелі диплом иегері. Ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері де түрлі аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан табылып жүргендерін айта кеткен жөн.