Ғазиз Байтасовты еске алу турнирі

0

Ерлікке құрмет қашанда қолдауға тұратын, тартымды дүние. Қордайлықтар қашанда сол ерлікке тағзым етіп, ел қорғаны жолында жанын пида еткен жандарды ұмытпақ емес. Осындай шара жақында ұйымдастырылған болатын.

Қордай ауылында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған шағын футболдан мекемелер мен күш құрылымдары қатысқан турнир өтті. 11 команда қатысқан жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырдың рухына тағзым ету елдік пен ерлікке тағзым екенін айтып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, құттықтаулар легіне аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық ҰҚК бастығы Нұржан Қорамысов, аудандық полиция бөлімі бастығы Алимхан Қарымсақов, Қордай ауылының әкімі Әділет Қаспақбаев, ауданның бас имамы Әлмұхан Егізбаев және спорт ардагері Ерсін Ақпаев та қосылды.

Тартысты өткен футбол мерекесінің жеңімпаздарына арнайы дайындалған кубок пен грамоталар табыс етілді. Осы орайда айта кетсек, шын шеберлік танытып, теңбіл допты кәсібилерден кем ойнамайтын аудан әкімдігінің спорт бөлімі осы күні жүлделі ІІІ орынға ие болса, ІІ орынға ұстаздар қауымы қол жеткізді. Ал, жеңіске деген ерекше жігер танытқан аудандық  мәслихат аппараты мен депутаттарынан құралған команда турнир жеңімпазы атанды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.