2026 жылдың қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында бочча спортынан республикалық жарыс мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сайдың тасындай саңлақтар бақ сынасқан бұл тартысты бәсекеде Жамбыл облысының намысын қорғаған Кордай өңірінің мақтанышы, Степное ауылының тумасы Назгүл Кемелбекқызы Исакова дара шығып, жеңіс шоқтығын бағындырды.
Көк туымызды желбіретіп, жоғары шеберлік пен шыңдалған бабын көрсеткен Назгүл жарыс қорытындысы бойынша лайықты түрде І орынды иеленіп, алтын медальді еншіледі.
Бұл — жай ғана спорттық жетістік емес, бұл — қажымас қайрат пен төзімділіктің, толастамас ізденіс пен табанды еңбектің заңды жемісі. Спорт әлеміне қадам басқан алғашқы сәттен бастап өз-өзін тоқтаусыз шыңдап келе жатқан Назгүлдің бұл жеңісі оңайлықпен келген жоқ. Оның бойындағы спортқа деген шексіз құштарлық пен асқақ арман әрбір кедергіні еңсеруге күш-қуат берді.
Осы орайда, саңлақ спортшының жанынан табылып, бапкері әрі рампа операторы ретінде зор үлес қосқан туған әпкесі Эльнура Исакованың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Назгүлдің әрбір қимылын мұқият бақылап, алаңда техникалық қолдау көрсетіп қана қоймай, бауырына демеу болып, моральдық тұрғыдан дем берген Эльнураның жанкештілігі — бауырлар арасындағы шынайы жанашырлықтың үлгісі.
Жерлесіміздің бұл биікті бағындыруы — бүкіл Қордай ауданы мен Жамбыл облысы үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Назгүлдің жарқын жеңісі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығын арттырып, қоғамда өз орнын табуына, бойындағы дарынын ашуына жол сілтейтін шамшырақ іспетті. Бұл еңбек — елімізде бочча спортын дамытуға серпін беретін өнегелі де мотивациялық бастама.
Бойында жоғары рух, сабыр мен қайсарлық тұнған Назгүл Кемелбекқызын алда әлі талай дүбірлі додалар мен биік белестер күтіп тұрғаны анық. Еңбекқорлығы мен шеберлігінің арқасында ол келешекте де туған өлкесі мен еліміздің мерейін талай мәрте асқақтатады деген сеніміміз мол.
Жеңісті күндерің мен қуанышты сәттерің көп болсын, қайсар қыз Назгүл!
Ә.ҚҰТТЫБАЙ