Электр жүйесі толық жаңартылды

0

Қордай ауданындағы ел аузында «совхоз зонасы» аймағындағы ең өзекті мәселелердің бірі – электр жарығының жай-күйі болатын. Бірнеше онжылдық бойы жұмыс істеп келген электр желілері мен бағаналары жаңалауды қажет ететін. Тозығы жеткен желілердің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп, күздегі жаңбыр мен жел, қыстағы қалың қар мен боран кезінде ауылдық округтерде жарық өшіп, тұрғындарды әбігерге салатын. Биыл осы мәселе түбегейлі шешімін таппақ.

Қордай ауданының Жаңатұрмыс ауылында маңызды инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында ауылдағы электр желілері мен инфрақұрылым толығымен жаңғыртылды. Атап айтқанда, Қордай аудандық электр жүйесінің мамандары Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы әуе желілері – 0,4 кВ және КТП 10/0,4 кВ желілерін толықтай ауыстыру жұмыстарын аяқтады. Жоба аясында ескірген желілер заманауи, сапалы материалдарға алмастырылып, жаңа трансформаторлар орнатылды.

Бұл жаңғырту жұмыстары электр желілерінің қуатын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Енді ауыл тұрғындары тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілмек. Бұл жаңашылдық тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге де ықпал етеді.

Жаңатұрмыс ауылының инфрақұрылымын жаңарту тұрғындардың тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктерін жақсартып, елдімекеннің өркендеуіне серпін беретін маңызды қадам болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.