Қыс ауасы бізде солтүстік аймақтағыдай емес. Ол жақпен салыстырғанда біздікі едәуір жылы. Сондықтан ауданымызда қардан гөрі жаңбырдың жиі жауып жатқанын көреміз. Жаңбырдың жиі жаууы, қардың тез еріп кетуі салдарынан жер айнала батбақ болып, көліктер мен жаяу жүргіншілерге қиындық тудырып жататыны жасырын емес. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың болмағандығынан көп жандар лайдың арасынан аяқ басар жерді іздеумен әлек болатын. «Жол азабын жүрген білер» дейді дана қазақ. Оны бастан өткізбеген пенде кемде-кем шығар. Жақын күндері Алға ауылында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, Желеу Алдабергенов көшесінен №34 М.Смағұлов атындағы орта мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілді. Жалпы 175 метр аралықты қамтитын тротуардың құрылысын мердігер «Элит Строй-2080» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Осыған дейін, балаларының қауіпсідігіне алаң болған ауыл тұрғындары мектепке барар жолға жаяу жүргіншілер жолын жасап беруін өтініп, аудан және ауыл әкімінің кездесу жиындарында мәселелер көтерген болатын. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған пікірді міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асуда. Оған мысалды көптеп келтіруге де болады. Ең бастысы, ата-аналар риза, балалар мәз.