Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Осыған орай Алғыс айту күні қарсаңында Қордай ауданы Алға ауылдық округінің әкімі Берік Әбілдаев ауылдың ардагер еңбеккерлерінің шаңырағына барып, оларға құрмет көрсетті.
Алдымен ауыл әкімі еңбек ардагері Кубира Минискулованың үйіне бас сұқты. Өнегелі өмірін адал еңбекке арнаған Кубира апа 1939 жылы 1 тамызда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Көкадыр ауылында дүниеге келген. Ол 1948-1952 жылдары бастауыш білім алып, 1956 жылы Алға ауылында қызылша алқабында еңбек жолын бастады. Үш жылдан кейін тұқым тиеуші болып жұмыс істеп, 1968 жылдан бастап 1991 жылға дейін озат сауыншы ретінде қызмет етті. Еңбектегі табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында түрлі медальдармен марапатталған. Бүгінде Кубира апа зейнеткерлікке шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Ақ жаулықты ана 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір 16 немере, 12 шөберенің ардақты әжесі.
Осыдан кейін округ әкімі Искаков Түлкібек ақсақалдың шаңырағына барып, алғысын білдірді. Түлкібек ата 1945 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. 1951-1958 жылдары мектепте 8 жылдық білім алған. Еңбек жолын 1963 жылы туған ауылында механизатор болып бастап, 1992 жылға дейін осы салада қызмет етті. Кейін «Жігер» бірлестігінде 2008 жылға дейін еңбек етіп, өз ісінің нағыз маманы атанды. Еңбек жолында сіңірген қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Құрмет ордендерімен марапатталған. Қазір зейнеткерлікке шықса да, ауыл өміріне белсене араласып, жастарға үлгі болуда. Отбасында 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 11 немере, 1 шөберенің сүйікті атасы атанып отыр.
Өнегелі ғұмырын еңбекке арнаған ардагерлер ауыл басшысының арнайы келіп, құрмет көрсетуін зор қуанышпен қабылдап, алғыстарын жеткізді.