ҚАРТ ЖҮРГЕН ЖЕР – БЕРЕКЕ

0

Әшкен Қожабекованың есімін біреу білсе, біреу білмес. Ол – Кеңес Одағы тұсында ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына бір кісідей үлес қосқан жан. Бүгінде 92 жасқа келген кейіпкеріміз кезінде озат сауыншылардың қатарынан көрінген еді.

Иә, бүгінде ғасырға жуық ғұмыр жасап, халықтың, жас ұрпақтың, оның ішінде, өзі тұратын ауыл-аймақтың берекелі өмір мен тыныштығын тілеп отырған Әшкен әженің де балалық шағы ел өміріндегі қиын-қыстау сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әшкен Қожабекова 1933 жылы Алға ауылында дүниеге келген. Өмірге төрт ұл, төрт қыз әкеліп, оларға жақсы тәрбие берді, қыздарын құтты орындарына қондырып, ұлдарын бір – бір отау етті. Сондай-ақ, ұл-қыздарынан 30 немере сүйіп, олардан өрбіген 45 шөбере мен 2 шөпшектің қолынан май жалаған бақытты әже. Төрт жылдық ауыл мектебін аяқтаған кейіпкеріміз, еңбекке ерте араласа бастады.

«Жастайымнан қара жұмысқа бейім болдым. Қатарластар бәріміз үйдің шаруасына қолғабыс етіп, еңбексүйгіш болып өстік. 1956 жылы өзімнің ауылдасыма тұрмысқа шықтым. Бір әулеттің түтінін түтетіп, келін атанған соң жауапшершілік те арта түсті. Отбасының нәпақасын табу үшін жолдасым екеуміз жұмыс талғамадық. Бес жылға жуық қызылшашы болып, тәтті түбірдің мол өнімі жолында еңбек еттім. 1971-1983 жылдар аралығында Совхозда сауыншы қызметін атқардым. Ол кезде тынығу дегенді білмедік. Бір жағынан қимыл-қозғалыссыз отыра алмайтын болғандықтан, тыным таппай жұмысты істей бердік. 1983 жылы зейнет демалысына шықтым», — деп бөлісті батыр ана. Данагөй әже сонау жұмыс істеген кездерді есіне ала отырып, езу тарта күліп, небір асау сиырлардың мысы басылып, тырп етпей сауғыза беретінін сөз арасында айта кетті.  Жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жүріп, адасқанға жөн сілтеп, бағыт беруден жалықпаған Әшкен әже өсіп келе жатқан жастарды көрсе, тілеуін тілеп, батасын беріп отырады. Иә, адал еңбек адам баласын қашанда абыройға кенелтеді. Осы тұста ұлы Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Өзінің, қажыр-қайратына сеніп, адал еңбектенген кейіпкеріміз бүгінде ұл-қыздарының анасы, немере-шөберелерінің әжесі ғана емес, бір әулеттің қасиеті мен киесі.

Ұлт рухын көтеріп, жастардың санасын оятып, ұлттық болмысымызды келер ұрпақ тәрбиесінде қалыптастыратын, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны қашанда ерекше. Қазыналы қариялар қандай құрмет-қошеметке болса да әбден лайық. Себебі, олар – ел ертеңі үшін тер төккен Еңбек ардагерлері!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.