«АСЫЛ АНА, АҚ ЖАУЛЫҚТЫ ӘЖЕ»

0

Қордай ауылындағы «Нұр академия» балабақшасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Асыл ана, ақ жаулықты әже» атты мерекелік ертеңгілік өтті. Бұл ерекше шараны «Жауқазын» тобының тәрбиешісі Тұрсынкүл Құрманова ұйымдастырып, бүлдіршіндер мен ата-аналарға ұмытылмас қуаныш сыйлады.

Мерекелік шара барысында балалар аналары мен әжелеріне арналған тақпақтарын мәнерлеп оқып, әсем әндерін орындады. Сондай-ақ, кішкентай өнерпаздар арнайы дайындаған би қойылымдарын ұсынып, жиналған қауымды тәнті етті. Ертеңгілікке қатысқан ата-аналар бүлдіршіндердің өнеріне сүйсініп, алғыстарын білдірді.

Балабақша меңгерушісі Роза Медеуова бұл мерекенің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып, аналар мен әжелердің отбасындағы маңызын атап өтті. «Асыл ана – отбасының тірегі, ал ақ жаулықты әже – ұрпақтың тәрбиешісі. Сондықтан мұндай мерекелік іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отбасына деген сүйіспеншілікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізеді» – деді.

Ертеңгілік соңында аналар мен әжелерге балалардың қолымен жасалған сыйлықтар табысталып, естелік фотосессия ұйымдастырылды. Көңілді өткен мерекелік кеш балғындарға да, олардың ата-аналарына да ерекше әсер қалдырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.