ӘЙЕЛ ҚЫРЫҚ ШЫРАҚТЫ

0

Қазіргі уақытта ер адамның меңгерген мамандығын толық игерген әйелдер қауымының барлық салада белсенділік танытып жатқанына куәміз. Біздің аудандағы кәсіп түрін талғамайтын нәзікжандылардың бірі – «Алтын-Ғаб» шаруа қожалығының төрайымы Дәулетханым Шолпанқұлова.

Толығырақ айтар болсақ, Дәулетханым Майханқызы 1958 жылы Мерке ауданы, Ворошилово ауылында дүниеге келген. 1975 жылы ауылдың он сыныптық орта мектебін аяқтаған кейіпкеріміз, сол жылы Тараз педагогикалық институтына оқуға қабылданады. Содан 1979 жылы «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын игеріп шығады. 1977 жылы Қордай ауданының тумасы Каналхан деген азаматқа тұрмысқа шығып, Қақпатас ауылына қоныс аударады. «Келіні жақсының – керегесі алтын» деген тәмсіл сөз кейіпкерімізге қаратып айтылса керек.

«1977 жылы Қақпатас ауылына келін болып түстім. Ол кезде институт қабырғасында жүріп-ақ жұмыс істеуге рұқсат беретін. Арада бір жыл уақыт өтіп сол ауылдың мектебіне «бастауыш сынып мұғалімі» болып қызметке қабылдандым. Ол қызметте 1989 жылға дейін ұстаздық міндетімді атқардым. 1989 жылы отбасымызбен Беріктас ауылына көштік. Ұстаздық қызметімді сол жақта жалғастырып, 2011 жылы зейнет демалысына шықтым. Жалпы білім саласында 22 жыл еңбек өтілім бар», — дейді зейнеткер ұстаз. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан таймасы анық.

Біздің ұғымымызда ер адам – шаңырақ иесі, әйел – ошақ иесі деген түсінік бар. Бұрын отбасында тек ерлер ғана табыс табатын болса, отбасын асырау жауапкершілігі енді әйел-аналардың да иығына түсті. 2015 жылы жолдасынан айырылған Дәулетханым Майханқызы отбасылық кәсіпті жүргізуді толығымен өз қолына алады.

«2015 жылдан бүгінгі күнге дейін «Алтын-Ғаб» шаруа қожалығын басқарудамын. Бүгінде қожалықта 900 гектардан астам жайылымдық және 35 гектар егіндік жер бар. Жалпы егістікте жүгері дақылын және жоңышқа өнімін отырғызу-мен айналысамыз. Сонымен қатар, малшаруашылығы кәсібін қатар дамытудамыз. Иелікте 400 бас қой, 60 бас ірі қара және 30 бас жылқы бар. Қожалық иесі мен болғанмен, үлкен ұлым Сәбит қолғабыс етуде», — дейді кейіпкеріміз.

Мемлекет қашанда кәсіпкерлерге қолдау танытуда. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жарауы. Кәсіп қыр-сырын толық меңгерген Дәулетханым Шолпанқұлова былтырғы жылы мелекет қолдау көрсетіп, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген пайызбен 1 бірлік ауылшаруашылық техникасын алғанын әңгіме арасында айта кетті. Халқымыздың «әйел – қырық шырақты» деген тәмсілін осыдан-ақ аңғаруға болады емес пе?! Кәсібінің нәсібін көріп отырған ақ жаулықты ананың алдағы жұмысына сәттілік тіледік!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.