Бүгінгі таңда егеменді еліміздің алға қойған мақсаттарының бірегейі білікті, білімді және еңбекке қабілетті тұлға қалыптастыру негізгі міндет болып табылады. Осы жолда психолог маманының атқарар рөлі өте зор. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың психолог маманы Маржан Әбілдиновамен тілдесудің сәті түсті.
Күнделікті жұмыста, отбасында, қоғамда адамдар түрлі психологиялық кедергілерге тап болып, агрессивті мінез-құлық көрсетеді және жеңудің орнына әлсіздік танытып жатады. Стресс, депрессияға жиі ұшырайды. Сондықтан бұл мамандықтың біздің елімізге қажет екені түсінікті жәйт. Былдырлаған бүлдіршіндер тәлім алатын балабақшалардан бастап, ересек тұлғалар қызмет ететін ірі-рі мекемелерде арнайы психолог мамандар жұмыс істеуі психология мамандығының қажеттілігі зор, мәртебесі биіктеп келетініне дәлел. Сұқбат беруші Маржан Бақанқызы 1983 жылы көршілес Қырғызстан республикасы, Сокулук ауданында дүниеге келген. 2006-2012 жылдар аралығында И.Арабаев атындағы Қырғыз Ұлттық университетін «психолог» мамандығы бойынша аяқтайды.
«Көптеген психологтар сияқты, тәжірибе жинақтау мақсатында еңбек жолымды білім ошақтарында бастадым. Алғаш 2010-2011 жылдар аралығында «Ақмаржан» балабақшасының психологы болдым. Кейін аудан орталығындағы түрлі мектептерде жұмыс істедім. 2024 жылдың сәуірінен бастап орталық аурухананың алдын-алу бөлімшесінде психолог болып істеймін. Науқасқа немесе жүгінушіге нені, қашан және қалай айту керек, онымен не болып жатқанын қалай түсіндіру керек – бәрі маңызды. Менің басты міндетім – маған кеңес алу үшін келген әрбір адамға оның барлық әлеуетті психологиялық ресурстарының ашылуына көмектесу», — деп бөлісті Маржан Бақанқызы.
Адам жанын түсініп, оған дер кезінде қолдау білдіру психологтардың күнделікті жұмысы. «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде. Содан тапқан шын асыл, тастай көрме», — дейді ойшыл Абай. Адам болмысын зерттеу қай кезде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бәріміз де ашуға бой алдырамыз, ел не дейді деп ойлаймыз, өзгелердің көңілінен шығуға тырысамыз, бәрі қалыпты құбылыс. Алайда, осындай сезімдер шегінен шығып, қалыпты өмір сүруге кедергі келтіріп жатады. Психологтың негізгі міндеті осы мәселелердің себебін анықтап, жайсыздықты жеңуге көмектесу болып табылады. Қазір әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Адамзатқа жетпейтіні еш мақсатсыз, еш арам пиғылсыз таза, мөлдір қатынас. Бізге ең керегі – жылы жүз, жылы қабақ, жылы сөз.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ