Құрметті қордайлықтар, қадірлі жерлестер!
Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке еліміздегі барлық этнос өкілдерінің достығы мен ынтымақтастығын паш ететін, бейбіт өміріміздің берік негізін көрсететін ерекше күн.
Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен еліміз тұрақты дамып, қоғамымызда бейбітшілік пен келісім салтанат құруда. Мемлекет басшысы ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы аясында әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы қорғалып, халықтың бірлігі мен татулығы жаңа деңгейге көтерілуде. Бірлік пен өзара түсіністік – біздің ортақ жетістіктеріміздің басты кепілі.
Қордай ауданы – көпұлтты, рухы биік, еңбегімен елге үлгі болған қасиетті өңір. Біздің ауданымызда түрлі ұлт өкілдері өзара сыйластықта өмір сүріп, ортақ мүдде жолында бірлесе еңбек етіп келеді. Қордайдың бай табиғаты, ауыл шаруашылығының дамуы, өнеркәсіп саласындағы жетістіктері және мәдениет пен білім беру саласындағы табыстары ауданымыздың мәртебесін арттыра түсуде.
Ауданымыздың тұрғындары әрдайым өз еңбегімен еліне қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда Қордай егіншілікте де, мал шаруашылығында да, кәсіпкерлікте де зор жетістіктерге жетіп отыр. Сонымен қатар, жастарымыз білім мен спорт саласында жоғары нәтижелер көрсетіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүр. Мұның бәрі – бірліктің, еңбектің және ауызбіршіліктің нәтижесі.
1 Мамыр – достық пен бауырмалдықтың, жарқын болашаққа деген сенімнің мерекесі. Біз бірлігімізді сақтай отырып, мемлекетіміздің дамуына әрқайсымыз өз үлесімізді қоса береміз деп сенемін.
Осы айтулы мереке күні әрбір отбасына амандық, береке, молшылық, ынтымақ пен бақыт тілеймін! Елімізде әрдайым бейбіт өмір салтанат құрсын, бірлігіміз нығая берсін! Ортақ мақсаттар жолында табысты еңбек ете берейік!
Мереке құтты болсын!
Ізгі тілекпен Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков