Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков «Asian Corporate Finance Resource Group» компаниясы мен Қытай Халық Республикасының «Цзиньгу» тобының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында шетелдік инвесторлар Қордай ауданы аумағында пайдалы қазбаларды барлау мен игеру бойынша ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Бұл бастама ауданның экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ салық түсімдерін көбейтуге ықпал ететін болады. Аудан әкімі инвесторларға бірқатар маңызды ұсыныстар айтты. Оның ішінде жергілікті тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өңір халқын жұмыспен қамту мәселесін басты назарда ұстау, экологиялық талаптарды қатаң сақтап, қоршаған ортаға зиян келтірмеу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, қазіргі заманғы алтын өңдеу технологияларының қауіпсіздігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы сөз болды.
Кездесу барысында аудан әкімі Қордай ауданының инфрақұрылымдық даму мәселелеріне де тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында инфрақұрылымдық инвестициялар көлемі мен бағыттары туралы нақты тапсырмалар бергені жөнінде айтылды. Президенттің сөзінше, инфрақұрылымды жаңғырту ел экономикасының дамуына және өңірлердің әл-ауқатын жақсартуға маңызды әсер етеді.
Қордай ауданындағы жаңа жобалар елдің инфрақұрылымдық дамуына, экономикалық өсімге және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз үлесін қосатын болады.