Дәрігер – жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек қалауымен таңдалатын, адалдық пен жанашырлықты серік еткен адамдардың жолы. Олар үшін таң мен түннің, мереке мен демалыстың шекарасы жоқ. Ақ халат киіп, адам жаны үшін күресу – ерлікпен тең еңбек.
Сол ерлікке толы өмір жолының иесі, сан жылдарын елдің саулығына арнаған білікті де беделді маман – Гүлнара Несіпбаева. Гүлнара Мұқанқұлқызы Қордай аудандық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі, өзінің кәсібіне адал, адам жанының шын жанашыры. Медицинадағы көп жылғы тәжірибесімен қатар, бойындағы мейірімі мен табандылығы оны әріптестері мен науқастар арасында зор құрметке бөлеп отыр.
Кейіпкеріміздің еңбек жолы нағыз адамдық қасиеттердің, кәсіби біліктіліктің үлгісі. Ол 1986-1992 жылдары Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Емдеу» факультетін тәмамдап, үлкен өмірге қадам басады. Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын 1992-1993 жылдары Қаратау қаласындағы медициналық-санитарлық бөлімнің кардиология бөлімінде дәрігер-интерн болып бастайды. Ал 1993 жылдан бастап Қордай аудандық орталық ауруханасында учаскелік дәрігер ретінде жұмыс істей бастайды.1995 жылдан бері, яғни 30 жыл бойы, Гүлнара Мұқанқұлқызы Қордай аудандық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ол медицина қызметкерінің тек диплом алып, бір салада қалып қоюы жеткіліксіз деген ұстанымда. «Бүгін білетінің – ертең ескіріп қалуы мүмкін. Дәрігер әрдайым ізденісте болып, білімін жетілдіріп отыруы керек. Бұл – науқастың тағдыры үшін өте маңызды», — дейді өзі. Осы ұстанымына берік Гүлнара Мұқанқұлқызы жылдар бойы кардиология, ревматология, гастроэнтерология мен пульмонология салаларында кәсіби білімін жаңартып отырған.
Гүлнара Несіпбаева жұмысқа келген бойда бөлімнің жалпы жағдайын, түнгі ауысымдағы өзгерістерді біліп шығады. Содан соң – науқастарды аралау. Әрбірінің жағдайын тыңдап, тексеріп, ем тағайындау, кейде туыстарына түсіндіру – бұл оның күнделікті дағдысына айналған.
«Бөлімде жоспарлы ем алушылармен қатар, шұғыл көмекке мұқтаж пациенттер де бар. Жас мамандармен ақылдасу, кеңес беру, кейде емдеу тактикасын бірге белгілеу – бұл жұмыстың тағы бір бөлігі. Әр сәт санаулы, әр шешім маңызды. Осындай қарбаластың арасында бірде-бір пациент назардан тыс қалмауы тиіс»,-дейді бөлім меңгерушісі.
Жұмыс күні кейде кешкі 6-ға дейін, кейде одан да ұзаққа созылады. Бірақ Гүлнара Несіпбаева үшін бастысы – науқастың жағдайының жақсаруы. Ол үшін уақыт емес, нәтиже маңызды.
Медицина саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі ескерусіз қалмады. Гүлнара Мұқанқұлқызы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Avicenna» мерекелік алтын медалімен, «Алтын жұлдыз» құрмет белгісімен және «За милосердие и помощь» медалімен марапатталған. Бұл марапаттар кейіпкеріміздің адамгершілік бейнесінің де биік екенінің айғағы.
Гүлнара Несіпбаеваның өмірі мен еңбек жолы жас мамандарға үлгі. Оның пікірінше, дәрігер ең алдымен адамгершілігі жоғары, нық шешім қабылдай алатын, әрі жауапкершілігі зор болуы керек. Әрбір пациентке тек диагноз ретінде емес, тұлға ретінде қарап, оған жан-жақты көмектесу – дәрігердің басты парызы. Сонымен қатар, үздіксіз оқып, жаңалықтарды қадағалап отыру – заманауи медицинаның талабы.
Біз осы мақаламыз арқылы ақ халаттың ар жағында тек кәсіби маман ғана емес, жүрегі кең, жаны жайсаң, адам тағдырына бейжай қарамайтын тұлғалар тұрғанын жеткізгіміз келді. Ал медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында мұндай жандардың еңбегін бағалап, алғыс айту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Гүлнара Несіпбаева сынды дәрігерлер барда, қоғамымыздың ең басты байлығы – адам денсаулығы сенімді қолда екеніне сенім мол.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ