Жыл сайын маусымның әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда Медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Мереке Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылы белгіленді. Бұл күн барлық денсаулық сақтау қызметкерлеріне алғыс пен ризашылықтың символына айналды, өйткені медицина қызметкерлерін кәсіби күнімен құттықтай отырып, олардың қиын және қажырлы еңбектері үшін құрмет пен ризашылық көрсетіледі.
«Медбике – аяғы жоқтың аяғы, қолы жоқтың қолы, соқырдың көзі, мылқаудың тілі, әлсіздің демеушісі, ананың көмекшісі, нәрестенің күтушісі», – деген екен бір данагөй. Бұл сөздер медбике мамандығының шынайы бейнесін айқын сипаттап тұрғандай. Олар – тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, сонымен қатар сырқат жанның жан дүниесін түсінетін психолог, демеу беретін жанашыр, өмір үшін күресте үнсіз серік.
Осындай ерекше мейірімді, мамандығына шексіз адал жандар еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Солардың бірі – Қордай аудандық орталық ауруханасының медбикесі Жібек Құсайынова. Оның бүкіл саналы ғұмыры, 42 жылдан астам еңбек жолы – аудан тұрғындарының денсаулығына қамқорлық жасаумен тығыз байланысты.
Жібек Елеусінқызы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң әпкесінің: «Үйде міндетті түрде дәрігер болуы керек, ал Жібектің мінезі – дәл сондай жандарға лайық», – деген сөзі оған жол көрсетті. Бұл сөздер жүрекке әсер етіп, Жібекті адам өміріне қызмет ететін мамандықты таңдауға жетеледі.
Ол 1983 жылы Фрунзе медициналық училищесін сәтті аяқтап, сол жылдың тамыз айында Қордай аудандық емханасында еңбек жолын бастады. Содан бері ол үздіксіз еңбек етіп келеді. Қырық жылдан астам уақыт бойы бір ғана орында жалпы практикадағы медбике қызметін атқару – бұл тек табандылықтың емес, жанның тазалығы мен адалдықтың айғағы.
Науқастың жан дүниесіне үңіліп, әрқайсысына жылы сөз айтып, қолдау көрсетіп жүретін Жібек апайдың жүзі әрдайым жайдары. Оның кәсіби біліктілігі мен адами қасиеті әріптестері мен емделушілер тарапынан зор құрметке ие.
«Орталық аудандық емханада еңбек еткен жылдары мен өз ісін білетін нағыз кәсіпқойлар санаулы адамдарды кездестірдім. Осындай Отанға айналған тамаша ұжым, ең құнды тәжірибе — мұның бәрі Қордай аудандық орталық емханасы», — дейді Жібек Елеусінқызы.
42 жыл ішінде біздің кейіпкеріміз әріптестері мен пациенттерінің құрметіне ие болды. Оның ерен еңбегі көптеген мақтау қағаздарымен, сондай-ақ жоғары наградамен – көпжылдық және адал еңбегі үшін берілген «Авиценна» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек қаншама грамота, алғыс хаттары болса да, кейіпкеріміз үшін ең басты шын жүректен ризашылық білдіретін ауылдастары, жерлестері тарапынан құрмет, оған деген жақсы қарым-қатынас.
Ол өзінің мансабын учаскелік медбикелік қызметтен бастап, кейін ұзақ жылдар бойы білікті дәрігерлер: эндокринолог Элла Мюллер және нев-ропатолог Светлана Шаршакеевамен бірге қызмет етті. Ал қазіргі уақытта Жібек Елеусінқызы Бақыт Чанбаевамен қабылдаулар жүргізуде.
Қордай аудандық орталық емханасы Жібек Елеусінқызы үшін жұмыс орнын ғана емес, нағыз үйге айналды. Ол өзінің туған-туыстарына айналған тамаша ұжымды және жұмыс істеген жылдары алған баға жетпес тәжірибені бағалайды.
«Ол өте мейірімді және қамқор жан. 90-шы жылдары Жібек Елеусінқызы учаскелік медбике ретінде біздің үйге сол кезде қарт адам болған анамның қан қысымын өлшеу үшін келгені есімде. Медбике бізге әрқашан жақсы көңіл-күйде келетін және өз міндеттерін өте мұқият орындайтын. Сонымен бірге ол әзілдеп, мейірімді сөздер айтып, науқас анамды және уайымдап жүрген мені әбден жігерлендіретін. Сол үшін біздің отбасымыз оған ризашылығын білдіреді», — деп оның пациенттерінің бірі еске алуда.
Жамбыл ауылында тұрып, Жібек Елеусінқызы жұмысқа жету үшін күн сайын 15 шақырым жерден келеді. Күннің ыстығы да, аяз да, боран да оның көмегі мен қамқорлығына мұқтаж адамдарға барар жолда оны тоқтатпайды.
Жібек Құсайынова – өз ісіне берілген медбике ғана емес, аяулы ана. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қордай ауданының барлық денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне алғысымызды білдіргіміз келеді. Сіздердің еңбектеріңіз күрделі және жауапты, тез арада шешім қабылдау қабілетін талап етеді. Біз Жібек Құсайынованы, сонымен бірге барлық медицина қызметкерлерін, медицина ардагерлерін мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Осындай маусымның керемет күні сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға құт-береке және табыс тілейміз. Сезімтал жүректеріңіз пациенттердің ризашылығы мен сүйіспеншілігіне бөлене берсін!
Мадина УЗБЕКОВА