Ауданымызда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Соған байланысты, құрылыс басында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен кездесіп, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болдық.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорны қазіргі кезде мектептердегі жылу желілерін кешенді әрі жүйелі түрде ауыстыру жұмыстарын қолға алды. Бұл ретте, жаңартылып жатқан желі аудандық орталық аурухана, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп гимназиясы және маңайындағы бесқабатты қос тұрғын үйге жылу жеткізуді қамтамасыз етеді.
«Жаңартулар барысында ескі трубаларды алып тастап, орнына жоғары сапалы материалдардан жасалған, ұзақ мерзімді және тиімді жылу беру жүйелерін орнатамыз. Бұл тек қана энергия жоғалтуын азайтпайды, сонымен қатар, жылу мен ыстық сумен қамтамасыз етілуін жақсартады. Жобаның жүзеге асырылуы сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жөндеу және жаңарту жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаймыз, бұл қызметкерлер мен тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жылу пайдаланушылары жылыту маусымында жайлылық сезіне алады және өмір сапасы артады», — дейді ТҮКШ директоры Қуаныш Байжігітов.
Жылу желілерін ауыстыру тек жылу жүйесінің тиімділігін арттырмай, инфрақұрылымды жаңарту, балалардың денсаулығын қорғау, білім беру ортасын жетілдіру бағытында маңызды рөл атқаратынын ескере кеткен жөн. Осы орайда құрылыс басында жүрген еңбеккерлермен таныстыра кетейік. Атап айтқанда, Жеңісбай Якубов пен Бақытжан Валиев 2022 жылдан бері тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының құрылысшылары әрі қазандық операторлары болып жұмыс істеп келеді. Ал, Төлеген Емельжанов құрылысшы әрі қазандық операторы ретінде 2020 жылдан бері қызметін жалғастыруда. Аталған нысандардағы құрылыс жұмыстары ойдағыдай аяқталса, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, сондай-ақ болашақта да жоғары сапалы білім мен денсаулық сақтау салаларын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарға септігін тигізбек. Осындай үлкен жобалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып, олардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ ауданымыздағы оқу орындары мен медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға бағытталған қызметтердің артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, біз еңбеккерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында жоспарланған міндеттер мен мақсаттарға жетуде, ауданымыз инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда одан әрі жетістіктерге жететініне сенімдіміз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ