Осы күні аудан орталығындағы «Емен» саябағында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әдемі әуенмен көмкерілген шуақты кеште газет ұжымы әрдайым әріптестік қатынаста үздік танылып, жергілікті басылымның қолдаушысы болып жүрген жандарға алғыс айтты.
Мәселен, осы күні «Қордай шамшырағының» Алғыс хатымен «Басылымды ең көп оқитын мекеме» номинациясы бойынша аудандық білім бөлімі мен аудандық орталық аурухана марапатталса, «Ең белсенді газет жеткізуші» номинациясы бойынша ҒАБИТ ЖҰМАБАЕВ үздік деп танылды.
Газеттің сапалы және уақытылы жарық көруіне қосқан зор үлесі үшін «КИИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспа цехының басшысы ЕРЛАН КЕРІМҚҰЛОВ марапатталды. Қазіргі заман талабына сай видеоларға дауыс жазуда белсенділік танытып жүрген ЖОМАРТ ТЫНЫШБЕК пен ТӨЛЕГЕН ҚЫДЫРБЕКОВКЕ және мобилография саласындағы тынымсыз еңбегі үшін ҚУАТ ЕМБЕРГЕНОВКЕ марапат табыс етілді.
Сонымен қатар, саябақтағы салтанатты шарада «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің бас редакторының орынбасары ЖАНДОС ОМАРОВҚА облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы табысталды.
Осыдан соң әдемі кештің жарқын жалғасы ретінде аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып, әуелеген ән мен күмбірлеген күй жаздың жұлдызды аспанында қалықтап жатқандай әсер қалдырды.
Ауданның ақпарат саласында еңбек етіп жүрген жандарға мерекеге орай осындай тамаша көңіл-күй сыйлағаны үшін газет ұжымы аудан әкімдігіне, оның ішінде ішкі саясат бөліміне, аудандық Мәдениет үйіне, бөлімдер мен ауылдық округ әкімдері аппараттарына, мекеме басшыларына ерекше алғысын білдіреді.