Құрметті қордайлықтар!
Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана – өткен ширек ғасырда әлемдегі ең озық, қарыштап дамыған шаһарлар қатарына қосылды. Құрылу, қалыптасу, өркендеу сатысынан өтіп, еліміздің әкімшілік және іскерлік орталығына айналды.
Барша қазақстандықтарды ортақ идеяға, рухани тұтастыққа біріктірді. Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына негіз болды.
Еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени орталығына, сол сияқты дипломатиялық, бітімгершілік, халықаралық байланыстарды кеңейту мәселелерінде жаһандық диалог алаңына айналды. Шырайлы шаһар, еңселі елордамызды одан әрі дамытуға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше назар аударып, оны жан-жақты жетілдіруге толық мүмкіндік жасап отыр.
Құрметті жерлестер!
Астана күні биыл Домбыра күнімен тұспа тұс келіп отыр. Домбыра ұлтымыздың асқақ арманына үн қосқан, қасиетті аспабы, мақтанышы. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген. Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес. Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде кем. Біз ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз.
Осы қос мерекеде сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасында шаттық пен қуаныш тілеймін.
Бегзат БОЛАТБЕКОВ, Қордай ауданының әкімі