ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

0

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қордай ауданында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.

Іс-шараның мақсаты — өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар туралы ақпарат беру, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың барысын көрсету болды.

Ең алымен журналистер Қарасу ауылындағы жаңа 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. 300 орындық мектеп 2024 жылдың көктемінде басталған. Бұл – ауыл үшін үлкен жаңалық. Жаңа мектептің құрылысына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс беруші ретінде бекітілген. Бас мердігер – «Rise Capital» ЖШС.

Жаңа білім ордасында оқушылар үшін кең әрі жарық сыныптар, заманауи спорт залы, компьютер сыныптары, зертханалар мен кітапхана қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қолжетімді орта жасалады. Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылысы аяқталып, ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп ауласы абаттандырылып, спорт және ойын алаңдары орнатылуда.

Қаракемер ауылындағы мектеп құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталған. Оны «Тараз строй 2004» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл мектеп 300 оқушыға арналған. Құрылыс басынан бастап жоспарлы әрі жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде ішкі жұмыстар мен технологиялық жүйелерді орнату, жарықтандыру және сыртқы абаттандыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Мектеп тек білім беру нысаны ғана емес, ауыл балаларының дамуына арналған толыққанды орталық болады. Мұнда оқу үдерісінен бөлек, түрлі үйірмелер, спорт секциялары мен шығармашылық бағыттағы жұмыстарға да кең мүмкіндік берілмек. Бұл – ауылдағы әрбір баланың әлеуетін ашуға арналған нақты мүмкіндік.

Мердігер ұйым өкілдері жобаның сапасына үлкен мән беріп отыр. Материалдар уақытылы жеткізіліп, жұмыс күші жеткілікті. Құрылыс барысы кезең-кезеңімен бақылауда.

«Rise Capital» ЖШС өкілі: «Жобаның маңызын түсіне отырып, сапа мен мерзімді басты назарда ұстап отырмыз. Әрбір бөлшекке жауапкершілікпен қарап, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын ескереміз», – дейді.

Ауыл тұрғындары да бұл өзгерісті қуанышпен қабылдауда.

Журналистер Ауқатты ауылында салынып жатқан жаңа спорт алаңдары, балалар ойын алаңшалары және спорттық-сауықтыру кешенінің қызметімен танысты. Алаңқайлар заманауи талаптарға сай салынып, әртүрлі жастағы балаларға арналған.

Сондай ақ, осы күні тілшілер қауымы Сортөбе ауылында 200 келушіге арналған жаңа емханада болды. Құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын тұрған нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынды. Бұл жоба – шалғай ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту мен халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Жалпы сомасы 2,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы.

Емхана ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған бөлмелер, қабылдау, егу, емшара, зертхана, ана мен бала кабинеттері және күндізгі стационар қарастырылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалған – пандустар мен арнайы санитарлық тораптар бар.

Нысан медициналық құрал-жабдықпен жабдықталып, штат бірлігіне сай мамандармен қамтылады деп жоспарланған. Жергілікті тұрғындар үшін бұл емхана қолжетімді және сапалы қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндігін ашады.

— Бүгінде Сортөбе ауылында 26 мыңға жуық тұрғын тұрады. Жаңа емхана күніне 200 келушіге қызмет көрсетуге бейімделген. Бұл көрсеткіш бастапқы медициналық-санитарлық көмекті тиімді ұйымдастыруға жеткілікті. Ғимарат типтік жоба негізінде салынған. Барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылып, медициналық қызмет сапасы артады деп күтілуде, — деді Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков.

Қазіргі таңда ғимарат толық дайын. Құжаттандыру және ішкі рәсімдер аяқталған соң, халыққа қызмет көрсете бастайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.