Шарбақтыда мөлдір су

0

Шарбақты ауылында Республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылып, құрылысы аяқталған жаңа ауыз су мұнарасының ашылу салтанаты өтті. Елді мекен тұрғындары көптен күткен игі іс ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартып, халықтың әлеуметтік жағдайына оң серпін бермек.

Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов алып, жаңа нысанның ауыл өмірі үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – мемлекет тарапынан қолға алынған басым бағыттардың бірі.

Шара барысында Шарбақты ауылының ақсақалы Ізтілеу Айнақұлов пен Ноғайбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Жаманкөзов те сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, ақ баталарын берді.

– Бұл күнді көптен күттік. Ауыз су – тіршіліктің көзі. Енді ауыл тұрғындары таза суды пайдаланады. Осындай игілікті іске мұрындық болған жандарға үлкен ризашылығымызды айтамыз, — деді Ізтілеу Айнақұлов.

Сонымен қатар, жиынға Қордай аудандық мәслихатының депутаттары Ғабидин Тулакбаев пен Дәурен Кенжебеков, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Ерсерік Ешмұрат қатысып, тұрғындармен бірге қуанышты сәтке ортақтасты.

Құттықтау сөздерден кейін салтанатты түрде қызыл лента қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жиналған қауым жаңа нысанды аралап көріп, таза су құбырынан ағып тұрған мөлдір судан дәм татты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.