Қордай ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отбасы күніне орай тағылымы терең мәдени іс-шара өтті. 11 қыркүйек күні Қордай аудандық Мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесі мен Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Менің әжем – нағыз әже» атты әжелер мен немерелер арасындағы аудандық байқау ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Шараның негізгі мақсаты – қазақтың ардақты аналары мен әжелерін ұлықтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өскелең ұрпаққа салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиенің маңызын жеткізу болды.
Байқау бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы» атты таныстыру бөлімінде сахна мәдениеті мен шешендік қабілетін көрсетті, «Мен әжеммен мақтанам» кезеңінде өнер сайысына қатысты, ал «Әжемнің әлдиі» бөлімінде бесік жырын орындады. Бұған қоса, «Ұлттық қолөнер – асыл қазына» кезеңінде қолөнер шеберліктерін паш етіп, соңында қазақы нақыштағы ұлттық киім үлгілерін ұсынды.
Іс-шараның ашылуында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, байқаудың тәрбиелік маңызына тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бұл шараның ұлт болашағы – жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие сіңірудегі маңызын атап өтті.
Байқауға ауданның әр ауылынан келген 15 әже немерелерімен қатысып, сахнада өздерінің өнерін, шеберлігін және тапқырлығын көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Сарыбұлақ ауылынан келген Дәулет Әзірбаева иеленсе, I орын Қордай ауылынан Әлия Жүнісоваға берілді. II орынға Қордай ауылынан Нұрсұлу Бұлтбай мен Әлжан ана ауылынан Баян Сатибалдиева лайық деп танылды. Ал III орын Қаракемер ауылынан Майра Қыпшақбаева және Ауқатты ауылынан Толқын Мамбетоваға бұйырды.
Бұдан бөлек, байқау барысында түрлі номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. «Көрермен көзайымы» номинациясы Шарбақты ауылынан Айманкүл Сахаеваға, «Сымбатты әже» атағы Бетқайнар ауылынан Мейрамкүл Амандыковаға, «Өнерлі әже» Еңбек ауылынан Зүлпия Искаковаға берілсе, «Шебер әже» номинациясы Алға ауылынан Гүлнара Баякеноваға берілді.
Сондай-ақ, байқауға қатысып, белсенділік танытқан Кенен ауылынан Райхан Байгубесова, Көктөбе ауылынан Ұлжалқасын Байсугурова, Қақпатас ауылынан Мариям Джукешова, Күнбатыс-2 елді мекенінен Жайлаукүл Ниязходжаева және Үлкен Сұлутөр ауылынан Гүлнара Батырбаева аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазылар алқасы қатысушылардың әрбір өнері мен еңбегін жоғары бағалап, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер кеңесі барлық қатысушыларға және шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, мұндай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.