1 қазан – Халықаралық қарттар күні аудандық Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Зал толы көрермен алдында танымал әндерді жанды дауыста шырқаған «Атамекен» ардагерлер ансамблінің хор мүшелері (жетекшісі Е.Сәрсенбаев) мен бірқатар жеке орындаушылар нағыз өнер кешін тарту етті.
Алдымен сахна төріне шыққан «Атамекен» хоры Нұрғиса Тілендиевтің «Туған ел» әнін орындады. Дүйсебай Айтхожин және Күміскүл Сәрсенбаева отбасылық дуэтінің орындауындағы «Жұбайлар жыры» әні көпшілікке нағыз шынайы сезімді ұғындырғандай. Бұдан кейін Жеңіс Әлімқұлов гитарамен, «Парасат» әжелер ансамблі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындап, Л.Калашникова және М.Гончарова «Пусть светит солнце» әнін ұсынып, А.Фунтиков жеке тақпағын оқып, Б.Оспанов домбырада «Қарттарым аман-сау жүрші» әнін тартулады. Арнайы қонақ ретінде шақырылған М.Құсайынов та өз өнерін көрсетті. Концерттің қорытындысы ретінде хор орындаған Е.Хасанғалиев пен Қ.Мырзалиевтің «Атамекен» әні бүкіл залдың қошаметіне бөленді.
О заманнан қариясын сыйлап, кейуанасын ардақтаған халықпыз. Осы күнгі қарияларға арналған іс-шаралар желісі аудан орталығындағы дәмханалардың бірінде, мерекелік дастархан басында жалғасын тапты. Қордай ауылдық округі әкімінің аппарат қызметкерлері өз еңбегімен біздің бүгінгі өмірімізге жол салған ата-апаларға барынша сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрдин Садықов бірқатар белсенді ақсақалдар мен аналарға алғыс хаттар сыйлады.
Анжела ИЗАЕВА