Ол киелі Әулие шоқының баурайындағы алақандай Керуде кіндік қаны тамып, Қаракемерде мектеп бітірді. Әскерде және студенттік жылдарда болмаса туған ауылынан ұзап шыққан да емес. Бала
күнінен ауылының үстінен төніп тұрған биік тауға қарап өсті. Тау баласына тән таудай мінезі
қалыптасты. Осында механик, бас инженер болып, кейіннен колхозды да басқарған, ауыл әкімі де
болған Санатбай Әлиев туралы әңгімені ту-у әріден бастау ләзім.
Өйткені, оның бойына бітіп, бүтін болмысына айналған ерек қасиеттері атасы Дүрдің шекпеніне оранып, әжесі Шәлипаның ұлағатын тыңдап өскен бала кезінен біткен-ді. Кәдімгі Кененмен айтысатын Шәлипа еді оның әжесі. Көкшолақпен тепеңдеп далада қой жайып жүрген бала Кенен: «Сендей адам емес пе қойшы деген, Жол үстінде жолықтым тойшыменен, Көрмегендей мақтанба, байдың қызы — Жолың болмас сырласпай қойшыменен» — деп сөзсайысқа шақырғанда:
«Сенің атың ей Кенен «жалаң аяқ»,
Құртқан екен құдайым аямай-ақ,
Әкең байғұс ұстап жүр қазан-аяқ
Қойды жөндеп бақсаңшы сандалмай-ақ» — деп қолма-қол жауап қататын байдың қызы. Бұлар да шылқыған бай болмаса да, арғы аталары Алапай, Болаттан бермен үйірлеп жылқы, отарлап қой айдаған дәулетті-тұғын. Сол замандағы дәстүрмен жеті жасынан атастырып, қалыңы төленіп қойылған Сати-Боти елінің қызын бой жеткен соң керулік Есқожалар ауылына келін ғып түсірген. Олардан Серғазы, Байғазы деген екі ұлы мен Шайыркүл деген қыз келді өмірге. Ортаншысы Байғазы мен келіні Орынбала кейіннен Чапаев атындағы колхоздың күнгей-теріскейінде мал өргізген маңдайалды шопан атанды, жас отауы бала күлкілеріне толды. Шүкір, олардың құрсағынан өрген бес ұл, үш қыздың қай-қайсысы да ауыл тірлігін бала күннен көзбен көріп, қолмен істеп үйренді. Ол кезде шал-кемпір тың еді. Тұңғыш немересін қайда барса да қастарынан бір елі қалдырмай, Дүр атасы оны ұзақты күн өзімен бірге малға әкетіп, түн баласы екеуі орталарына алып ермек қылатын. Содан ғой Санатбайдың өз әке-шешесін «аға», «жеңге» деп өскені. Қарттардың тәлімін алғаннан жаман болған жері жоқ. Құсұйқылы сергек, малсақ шаруагер болып жетілді. Қыз күнінен айтысқа түсетін Шәлипа әжесінің сөзге ұсталығы, жұртты аузына қаратар ділмарлығы да оған жұғысты болмай қалған жоқ.
Қай ауыл да адамдарымен ажарлы. Әр елдің көптің жүгін көтерер нар тұлғалы азаматтары болады. Санатбай Байғазыұлы солардың қатарында. Мектеп бітірген бойда он сегіз жасында темір тұлпарды тізгіндеп туған жердің төсінде жер жыртып егін де салды, шөп шауып жемшөп те тасыды. Одан Новосібірде әскерде шыңдалып, Ырғайты техникумын, ізінше Алматы ауылшаруашылығы институтын бітіріп келген 1978 жылдан зейнетке шыққан 2018 жылға дейінгі қырық жылдан аса еңбек жолын тұтас туған жерін түлетуге арнапты. Яғни, оның өмірбаянының әр жылы ауылының, ауылдастарының тірлігімен тығыз қабысып жатыр деген сөз. Чапаев атындағы колхоздың механизаторы, механигі, бөлімше басқарушы, колхоздың бас инженері, басқарма төрағасының орынбасары сатыларынан өтіп келіп, 1989 жылдан бастап Қаракемер ауылдық кеңесін басқарды. Алда мызғымас одақтың іргесі сөгілетін айтулы 1991 жыл келе жатты. Көп ұзамай кеңестік кезең келмеске кетіп, Тәуелсіздік таңы арайлап атты да. Бұл баршаға баға жетпес қуаныш бола тұра, ол кезеңнің әркімнің иығына түскен зілмауыр салмағы аз болмады. Нарықтық экономика келді өмірге. Сөйтіп, іргелі шаруашылықтың тағдыры таразыға түсіп, ел-жұрт «енді не болады» деп дағдарған алмағайып шақта С.Әлиев қайтадан колхозда басқарма төрағасы, одан қайта құрылған «Қаракемер» өндірістік кооперативінің басшысы қызметтерін атқарды. Шаруашылық құрылымдары түбегейлі өзгеріске түсіп, бүкіл елде нарықтық қатынастар билік жүргізе бастағанда, тоқсаныншы жылдардың соңын ала «Қаракемер» өндірістік кооперативі де таратылды. Оның орнында қырықшақты шаруа қожалықтары құрылды. Санат енді жаңа әкімшілік құрылым – ауылдық округтің әкімі ретінде ауылдастарының барлық ісіне барынша қолдау көрсетуге білек сыбана кірісті.
Солақай оңтайландыру мен жекешелендірудің құрбандығына айналған жұрт, тоқыраудан кейінгі сең соққандай сергелдең күйде қашанғы жүрсін — реформа шырғалаңынан тездетіп ес жиюға тиіс болды. Айналада талай ауылдардың тоз-тозы шығып жатқанда, ауыл әкімі Қаракемердің бетке ұстар азаматтарын сан мәрте жиып, қызу талқылай келе, өздерінің оң жамбасына келе кеткен байырғы ата кәсібін ырысқа айналдыруды ұйғарысты. Бұған дейін Сүлейменов Әділхан ақсақалдың ұл-немерелерімен бастағаны тәрізді, бірлі-жарым адам табысты айналысып келген сырттан мал сатып әкеліп, бордақылап, сойып етке сатуға бүкіл ауыл болып неге жұмылмасқа?! Жылқы, ірі-қара семіртіп сойып, етін Алматы базарларына апарып саудалау ерінбегеннің есін жиғызады, дәулетін құрғызады, десті. Күні бүгінге дейін бір өзі бір ет комбинатының қызметін атқарып отырған қаракемерліктердің «ет бизнесі» осылай басталған болатын.
Арада үш-төрт жылдан соң-ақ бұл істің оңды нәтижесі көрінді. Ауылда мал бордақылаушылардың саны артты. «Бір үйде мал сойылса, бес үйдің қазаны қайнайды» демекші, жаңа істің берекесі баршаны қамтып, біртіндеп ауыл келбеті адам танымастай өзгере бастады. Жылдар өте байыған ауылдастары ескі үйлерін жаңартып, бірінен-бірі өткен сәнді ғимараттар тұрғыза бастады, қос-қостан шетелдік көліктер мінді, жарысып тойханалар салды, елдің тұрмыс жағдайы жақсара түсті. Осынау тәжірибесін тарату мақсатында 2004 жылы жазда бұл ауылда алғаш рет аудандық семинар-кеңес өткен болатын. Әр елді мекеннен келгендер ауыл жұртының заман талабына тез бейімделіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара өз дәулеттерін өз қолдарымен жасап отырған тірліктерін көзбен көріп куә болды. Қаракемерліктердің даңқы алысқа жетіп, 2006 жылы енді облыстық семинар-кеңес өтті. Оған кезінде осы ауданды, одан облысты басқарған ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелді, облыс әкімі Бөрібай Жексембин, аудан әкімі Құрманғали Уәли және облыстың барлық аудандарынан сала өкілдері келіп қатысты. Кейіннен бұл жиындардың қайтарымы болып, үйлерінде мал бордақылап, етке сойып сатушылардың қатары аудан, облыс көлемінде көбейе түскен-ді.
Санатбай Әлиев 2018 жылға дейін ауыл әкімі болды. Әрине, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жылма-жыл бөлінген қыруар қаражатқа мектепке қосалқы құрылыс салып кеңейту, ауыл көшелерін жөндеу, асфальттау, клубқа, мектепке жылу жүйелерін жүргізу, көшелерді жарықтандыру т.б. жұмыстар өз кезегімен атқарылып жатты. Сөйтсе де, кәсіпкерлікпен табысты шұғылданып жүрген ауылдастарын да ортақ мәселелерді шешуге ұтымды жұмылдыра білді. Кезінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Самархан Сырлыбаев бастап, Ноғай Жайықбаев, Әбікен Сейілханов, Жанғазы Кәкебеков сынды қариялармен ақылдасып, «жолдасы көптің қолдасы көп» демекші, Жанысбек Мүлкеманов, Керімбек Нарымбеков, Жеңіс Ордашев, Досжан Қапарбаевтай замандастарының қолдауына сүйенді. Сөйтіп, мемлекеттен қаржы бөлінуін күтудің жылдарға созылары һақ біраз мәселелерге сыртта жүрген жағдайлы жерлестерін де шақырды. Ағайынды Қайрат, Әлімтай Молдасейітовтер, Нұрлан Орынбаев, Шалқар Жайсаңбаев сынды республикалық деңгейде кәсіпкерліктің құлағында ойнап жүрген азаматтарға сөзін өткізе білуінің арқасында ауылда қасында төрт жүз адамдық асханасы бар көрікті де еңселі мешіт, балабақша, дәрігерлік амбулатория, бірнеше қасапхана, үлкенді-кішілі дүкендер, спорт кешені бой көтерді, ауылдың басты көшелері жөнделді. Санатбайдың сыныптасы, аудан орталығында тұратын Сәрсебек Салыбаев та өзі туып-өскен Керу ауылында мешіт салып елдің алғысына бөленді. Мерекелер орайына табысы төмен отбасыларға материалдық көмек беру дәстүрге айналып еді. Ауылдағы барлық тірліктің оңды нәтижелері он сегіз жылдай ауыл әкімі қызметін абыройлы атқарған Сәкеңнің ұйымдастырушылық іскерлігімен байланысты болғаны анық.
Қырық бес жылды құрайтын жалпы еңбек өтілінің жеті жылында шаруашылық басқарып, он сегіз жыл үзбей ауыл әкімі болып ұдайы ел басында жүру айтқанға ғана оңай. Оның 2009 жылы Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XII съезіне делегат болып қатысуы, “Тәуелсіздікке 10 жыл», Ата заңымыздың 10 жылдығы, 20 жылдығы медальдарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, қос-қостан облыс және аудан әкімдерінің, мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталып, 2015 жылы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атануы әкімдік қызметтегі жұмысының лайықты бағалануы болды. Зейнетке шығарда өз орнына ұсынған ауылдың еті тірі кәсіпкерлерінің бірі Жұлдызбек Бақаев та сенімін ақтап, бірнеше жыл ауыл әкімі болып, кейіннен аудан әкімінің орынбасары қызметіне өсті.
Алты ағайынды Санатбай өзінен кейінгі бауырларының да елгезектік дұрыс тәрбиесіне ізашар болғаны өз алдына. Шүкір, қазір інілері Қанат, Қайрат, Бейсехан, Қозыхан, қарындастары Мира мен Динаның әрқайсысы бір-бір отаудың иесі, өздері бала өсіріп, немере тәрбиелеп отыр. «Әулие шоқының» шығысындағы «Алапай» жайлауы, төменгі өзен тараптағы «Әли сайы» деген жерлер бұлардың арғы ата-бабаларының атымен аталып қалған екен. Сол Алапай, Әли бабалары кезінде Қордай асып қасқарау еліндегі байдың қызына құда түсерліктей дәулеті болғаны ғой. Ақбозын бір бөлек, құласын бір бөлек, жиренін бір бөлек үйірлеп, мыңға тарта жылқы ұстаған деседі. Кеңес өкіметі байлардың малын сыпырып алып жатқанда, ың-шыңсыз таратып беріп, ешқайда қашып-пыспастан қуғыннан аман қалған, туған жерінде басына түскенді көппен бірге көрген екен. Ата-бабаларының рухы жайлап, ізі қалған сол қасиетті жерлерде бүгінде інілері мал өсіріп, өз дәулеттерін өз қолдарымен жасап отырған жайы бар.
Зейнетке шығып бір жылдан аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды да, жүрекке жасалған ота салдарынан барлық жұмыстан біржолата бас тартуына тура келген. Жүрекке салмақ түсірген жай сонау 2004 жылы отбасымен автоапатқа түсіп, екі бірдей жақын адамы — анасы Орынбала мен зайыбы Орынкүлден қабат айрылып, өзі де ауыр жарақат алғаны орны толмас қайғы-қасірет емес пе. Әйтеуір періштесі қағып аман қалды. Уақыт емші, тірі адамдар тірлігін жасап, өмір жалғасып келеді. Бүгінде екінші зайыбы Бақыткүлмен мәнді де мағыналы ғұмыр кешуде. Тұңғыш ұлы Серік кәсіпкер, келіні Сәуле мұғалім болса, олардың өзінен жеті немересі бар. Сол немерелерінің алды Ақерке мен Әлім ілім-білім қуып сонау Қытайға дейін барып-келіп жүр. Қызы Қарлығаш та анасының ізімен ұстаздықты таңдаған. Олардан кейінгі ұлдары Нұрсұлтан, Сәкен, Бексұлтан алды еңбекке араласып, институт бітіріп жатыр. Айдана қызы биыл мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, мемлекетттік грантпен оқуға түсіпті. Гүлдана мен Байдібек мектеп қабырғасында. Жетпіске келген жасында тағдыры осындай маңдайы жарқыраған ұл-қыздарына қамқор әке, бір қауым немерелеріне ақылман ата болу бақытын бұйырыпты.
Сәкең кезінде тұңғыш ұлдары есепті ата-анасы Байғазы мен Орынбаланың отау құрғандарына елу жылдық «Алтын тойын» қыруар елдің бас қосып, ат шаптырып дүркіретіп тойлатып еді. Ата-ананы қадірлеудің шынайы үлгісіне айналған сол жиынды көрген балалары мен бауырлары енді Санатбайдың өз мерейтойын сондай құрметпен атап өтпекші. Тек биіктен ғана биіктерді көре аласың деген емес пе.
Құрманбек Әлімжан,
Қордай ауданының Құрметті азаматы