Індеттің алдын алу — басты міндет

0

Бүгінгі таңда адам мен жануарларға ортақ 200-ге жуық ауру түрі белгілі. Мұндай індеттердің таралуының негізгі себептерінің бірі — мал өлекселерін дұрыс жоюдың ұйымдастырылмауы. Сондықтан биологиялық қауіпсіздік талаптарына сай салынған биотермиялық шұңқырлар індеттің таралуына тосқауыл болуда аса маңызды рөл атқарады.

Қордай ауданында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта Алға ауылында биотермиялық шұңқырдың құрылысы басталды. Қазір онда шұңқыр қазылып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі Қордай ауданы әкімдігінің құрылыс, қала құрылысы және архитектура бөлімі.

Айта кету керек, мұндай шұңқырлар Алға ауылынан бөлек Қордай, Үлкен Сұлутөр, Ноғайбай, Степное, Ауқатты және Сортөбе ауылдарында да салынуда. Барлық нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен. Мердігер компания ретінде «Korday Group» ЖШС анықталды.

Қазіргі таңда Сортөбе, Ауқатты және Ноғайбай ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталса, Степное, Қордай және Үлкен Сұлутөр ауылдарында олардың 50 пайызы орындалған.

Жоба толық аяқталған соң, биотермиялық шұңқырлар ауылдық жерлердегі санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға өз септігін тигізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.